Балаларды "өз еркімен" күштеп көшіру
"Ерікті түрде көшіру" осылай бола ма??? Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына олардың келісімінсіз, пікірін ескерместен көшірмек болған кез келген әрекет БҰҰ Конвенциясын да, Қазақстан Республикасының заңларын да тікелей бұзуға жатады! Бұл жағдай енді жеке мәселе емес, бүкіл қоғамды алаңдататын, мемлекеттің жедел араласуын қажет ететін трагедияға айналды", – деп мәлімдеді бұрын Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып істеген Аружан Саин.
Ол Қазақстан 1994 жылы ратификациялаған БҰҰ Конвенциясының 12-бабына сәйкес, әрбір баланың өз болашағына байланысты мәселелерде пікір білдіруге және үнін жеткізуге хақы барын еске салды.
Дүйсенбі, 21 шілде күні әлеуметтік желілерде тараған видеоларда полиция қызметкерлері Алматы қаласының Бағанашыл ықшамауданындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларды ұстап, оларды сол жерге алдын ала әкелініп, дайын тұрған көлікке қарай сүйреп апара жатқаны бейнеленген.
Балалар Бағанашылдағы балалар үйінен ешқайда кеткісі келмейтінін айтып, қарсыласып бағып жатыр. Қыздардың бірі жерге жатып қалған – видеода оны көтеріп алып жатқаны көрінеді.
Тоқаевтың Алматы әкіміне берген тапсырмасы
Бұл жайтқа байланысты пікір білдірген Алматы қаласының әкімшілігі "[балалар] ерікті түрде көшіріліп жатыр, тек бірнеше адам ғана қарсы болып отыр" деп мәлімдеді. Алайда әлеуметтік желіде алматылық шенеуніктерді балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің пікірін ескермей, біржақты шешім қабылдап көшіріп жатыр деген сынға алған пікірлер айтылды.
Арада бірнеше сағаттан өткенде президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-парағына мынадай ақпарат жариялады:
"Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшінбалалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізудіжәне аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады".
Бұған қоса аталған жағдайға байланысты президент әкімшілігіқызметтік тексерісжүргізеді, деп хабарлады Желдібай.
"Ол жер біреулердің құлқынын тесіп отыр"
Бағанашылдағы балалар үйіне байланысты дау-дамайға Қазақстан президентінің өзі араласуға мәжбүр болып, нүкте қойғандай көрінгенімен, оның шығуына жер мәселесі түрткі болған деген пікірлер әлеуметтік желіде айтылып жатыр.
Балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласына көшірмек деген ақпарат маусым айының басында тараған. Алматы облыстық білім басқармасы мекеме орналасқан ғимараттың әбден тозығы жеткенін алға тартып, ол жерден көшіруді қажет етеді деп түсіндірген. Қазіргі уақытта ол мекемеде 171 бала тәрбиеленіп жатыр.
Қазақстандағы ең көне балалар үйлерінің бірі саналатын Бағанашылдағы бұл мекемеге байланысты дау-дамай былтыр қыстан бері қоғамның назарында. Мекемені тәрбиеленушілерімен қоса басқа жаққа көшірмекші болған биліктің жоспарына балалар да, тәрбиешілер де қарсы шыққан және оларға өзге де қоғам өкілдері қосылған. Олар Алматының қымбат саналатын ауданында қазір балалар үйі тұрған жер әлдекімдердің құлқынын тесіп отыр деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР