Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедияров кезекті кибершабуыл туралы мәлімдеді – оның "Просто журналистика" арнасы YouTube-тан өшірілді. Бұған дейін ол арнаның Instagram-дағы аккаунты да жоғалғанын айтқан. Азаттық Азия сайтына берген сұхбатында журналист Қазақстан билігінің еркін баспасөзге қарсы әрекеттері туралы айтты. Астана журналистерге жасалған виртуалды шабуылдарға түсініктеме бермеді.
"ОЯНСАМ - АРНАНЫ ӨШІРІП ТАСТАҒАН"
Лұқпан Ахмедияров — ұзақ уақыт Батыс Қазақстан облысында тұрып, аймақтық тәуелсіз басылымда істеген, 2012 жылы кәсіби қызметіне байланысты қастандықты бастан кешірген тәуелсіз журналист. Қазір Астанада тұрады.
2021 жылы әріптесі Рауль Упоровпен бірге «Просто журналистика» YouTube-арнасын ашқан. Онда қоғамдық-саяси мәселелерді, Украинадағы соғыс, Қазақстанда еркін таралып жатқан Ресей пропагандасы туралы айтады.
Өшірілгенге дейін арнаның 48 мыңнан астам көрермені болған. Арнада соңғы рет "Құрметті астанам" атты топтама - Астана қаласының өзге аймақтардың бюджеті есебінен қалай салынғаны жайлы видеоматериалдар жарық көрген.
"Бүгін таңертең оянып, "Просто журналистика" YouTube-арнамыздың өшірілгенін білдік" деді Лұқпан Ахмедияров 18 шілде күні Facebook-та.
18 шілдеде түстен кейін ол арна әлі қалпына келмегенін айтты. Оның сөзінше, арна авторлары бірнеше күн бұрын әлдекімдер арнаның Gmail поштасын иеленуге тырысқаны туралы ескерту-хабарлама алған.
"Біз, әрине, оған мән бермедік. Сол түні, ұйықтап жатқанда YouTube-тан "авторлық құқығы қорғалған-мыс" музыканы қолданғанымыз үшін ескерту және авторлық құқық иесінің шағымы негізінде арна жойылып жатқаны туралы үш хат келген. Бір қызығы, "авторлық құқық иесі" YouTube аккаунтын біздің арна жойылғаннан кейін бірден жойып тастаған. Яғни, схема келесідей: ол алдымен YouTube-тан аккаунт ашып, YouTube-та біз пайдаланған тегін музыкаға авторлық құқықты рәсімдеген. Айтпақшы, бұл музыка әлі де YouTube қорында тегін тізімде. Содан кейін YouTube-ке арнамызға шағым түседі. Ал біздің арна жойылды" деді Лұқпан Ахмедияров.
Журналистің сөзінше, кейінгі апталарда "Просто журналистика" мен қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген "Гиперборей" YouTube-арналары жариялаған видеолардың астына "Русофобияны қоздырып отырсыңдар! Путин мен Ресейге шүйлігуді тоқтатыңдар, әйтпесе YouTube-арналарыңнан айырыласыңдар!" деген бірізді комментарийлер жазылып келген.
Бұған дейін "Просто журналистика" арнасының Instagram-дағы аккаунты да өшірілген, кейін журналист оны қалпына келтіре алды. Дәл сол кездері "Гиперборейдің" Facebook-тағы парақшасы да жойылған. Ол әлі күнге дейін қалпына келтірілген жоқ. Бұған дейін Вадим Борейконың TikTok-аккаунты да өшірілген, ал Instagram-парақшасы қалпына келтірілген.
"Барлығын болжау мүмкін емес. Қазір біз іс жүзінде фактіден кейінгі жағдайға реакция білдіріп жатырмыз. YouTube арнамыз негізінен саяси мазмұндағы контент таратты. Әрине, біз Украинадағы соғыс туралы Ресей билігіне сынмен қарай отырып хабар тараттық, бірақ украин тақырыбынан гөрі Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларды көбірек қамтыдық. Сондықтан, мұның артында Ресей билігі де тұруы мүмкін және "бар бәле Ресейден келіп жатыр" деген кейіп таныту үшін тролль фабрикасын пайдаланған қазақстандық билік те тұруы ықтимал" дейді Лұқпан Ахмедияров.
Журналист қазір халықаралық ұйымдар оның ішінде, AccessNow мен Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитетімен (Committee to Protect Journalists, CPJ) байланыста отырғанын айтты.
"Бүгін киберқауіпсіздік бойынша өзіміз сенетін маман керектігін түсіндік, оған барған кезде гаджеттерімізде зиянкес бағдарламалар бар-жоғын тексеріп беретін. Бәлкім, сол сәтті өткізіп те алған болармыз және зиянкес те бар шығар" деді Ахмедияров.
Журналист кибершабуылдар мен аккаунттарды өшіру және өзге де қарсы әрекеттер оны кәсіби қызметінен бас тартқыза алмайтынын жеткізді.
"Қазір арнаны қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып отырмыз. Және сіздер арқылы YouTube кеңсесіндегі тірі қызметкерлермен тілдестіруге көмектесе алатын адамдарды іздеп жатырмыз деп айтқым келеді. Олар қарап, мұның барлығы жасанды түрде құрылғанына көз жеткізсін. Техникалық қолдау деп көрсетілген электронды мекенжайға хабарлассақ, бізге робот жауап береді. Өткен жолы Instagram аккаунтты жойған кезде бізге оңайырақ болған, себебі бізге AccessNow компаниясы көмектескен, олар Meta-мен тіке байланыста отыр" деді Ахмедияров.
«БІЗДІ ТЫҚСЫРЫП ЖАТЫР»
"Просто журналистика" жобасының аккаунтына шабуылды Ахмедияров "Қазақстан билігінің еркін баспасөзге қарсы әрекеттерінің бір бөлігі"ретінде қарастырады. Оның сөзінше, Қазақстан билігі ұзақ жылдар бойы бастауында тәуелсіз журналистер тұрған тәуелсіз басылымдардың басым бөлігі медиа институттарынан әлеуметтік желілерге кетіп, өздерінің жеке жобаларын жасайтындай жағдай жасаған.
"Жәмила Маричева, Асхат Ниязов, Вадим Борейко, Динара Егеубаева, біз де. Және Қазақстан билігінің институционалдық БАҚ тұрғысынан ақпарат алаңын тазартуға ыждағаттылықпен тырысып жатқанын көрдік. Атап айтқанда, соңғы оқиға – Қазақстан үкіметінің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартуы. Қазақстан билігінің мұны әдейі істеп жатқанын түсінеміз: олар бізді дәстүрлі БАҚ-тан блогингке, әлеуметтік желілерге тықсырып жатыр, өйткені онда да Қазақстан билігі белгілі бір деңгейде бақылау орнатуға талпынып жатыр" деді Ахмедияров.
Бұл тұста журналист Қазақстан мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta-дағы мемлекеттік саясат жөніндегі директор Сарым Әли Азизге "әлеуметтік желілер мен мессенжерлердегі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы" ортақ жұмыстарға алғыс айтып, осы бағытта жұмысты күшейту туралы өтініш айтқанын еске салды.
Шілде басында Лұқпанм Ахмедияровқа полициядан шақыру түскен, ізінше кері қайтарылды. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.
Журналист арнаның өшірілуі мен полицияға шақыруларды "бір тізбектегі әрекеттер" деп санайды.
ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ РЕАКЦИЯ ТАНЫТПАДЫ
Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі "Просто журналистика" және "Гиперборей" арналарына жасалған кибершабуылға түсініктеме бермеді.
Халықаралық "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы журналистерге қарсы кибершабуыл, кибербуллингтердің жиілеуіне қатты алаңдаушылық білдірді.
"Біз аталған оқиғаларды мұқият зерттеуді талап етеміз. Сонымен бірге Meta (Instagram, Facebook, Threads) және Google (YouTube) компанияларына әріптестік орнату жөнінде және Қазақстан мен Орталық Азиядағы журналистердің аккаунттарын қосымша қорғау шараларын енгізу туралы ресми түрде өтініш жасадық. Бұдан бөлек, Қазақстанда журналистер, саясаткерлер мен қоғам белсенділеріне қатысты кибербуллинг жасағандарға жауапкершілік енгізу туралы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жағдайды әрі қарай да бақылап отырамыз және әріптестерімізбен байланыста отырмыз" деді "Әділ сөз" қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова Азаттық Азияға.
Қазақстандық тәуелсіз журналистер кәсіби қызметіне кедергі келтіргені жөнінде жиі шағымданады. Кейінгі жылдары бұл арандату, кибершабуыл мен ақпарат беруден бас тарту түрінде сипат алып жатыр.
Өткен аптада Orda.kz сайтының негізін қалаушы, бас редактор Гүлнәр Бажкенова билікке жақын ықпалды адамдар өзіне қысым жасап, басылымды тартып алуға әрекеттенгенін мәлімдеген.
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева өзінің суретін интимдік қызметті жарнамалайтын онлайн-ресурсқа салып тастағанын және содан бері телефонына түрлі әдепсіз хабарламалар келіп жатқанын айтқан.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық ұйымдардың бағалау әдістері әртүрлі болатынын, елде еркін баспасөздің дамуына жағдай жасалғанын айтады.