Accessibility links

Киберқылмыскерлерге жем болған 25 млрд теңге. Алаяқтар арбауына түспеу үшін не істеу керек?


Киберқылмыс: экс-депутат алаяқтарға қалай алданды? Алаяқтардан қайтіп қорғанамыз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:38 0:00

Киберқылмыс: экс-депутат алаяқтарға қалай алданды? Алаяқтардан қайтіп қорғанамыз?

Қазақстанда киберқылмыс өршіп барады дейді ресми статистика. Интернетті пайдаланып жасалатын алаяқтық саны былтырғыдан 9 пайыз көбейген. Жыл басынан бері қылмыскерлер 25 млрд теңге жымқырған. Билік арнаулы бөлім ашып, күресті күшейткенімен, алаяқтардың жолын кесу мүмкін болмай отырғанын мойындайды. Алаяққа алданбаудың қандай жолы бар? Қалай сақтанған жөн, ол үшін не істеу керек? Кибер қауіпсіздік саласының маманын сұхбатқа тарттық.

"Құпия операция", немесе алаяқтардың әккі әдісі

Қазақстанның Конституциялық кеңесінің бұрынғы мүшесі, парламент сенатының бұрынғы депутаты Серік Темірболатовты алаяқтар алдап соғып, қомақты қаржысын сыпырып, сан соқтырған. Және де экс-депутат ақшасын алаяқтарға өз қолымен берген.

71 жастағы Серік Темірболатовтың ақшасына көз тіккен алаяқтар оның сеніміне ену үшін Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы, бұрынғы бас прокурор Қайрат Мәмидің аты-жөнін пайдаланып, әрекет еткен. Болған оқиғаны сот үкіміне сүйеніп түсіндірейік.

Бірде Темірболатовтың WhatsApp-нөміріне Қайрат Мәмидің атынан жазылған хат түседі. Онда "Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейдегі террористік ұйымдарға ақша аударды деген күдікке ілінген кей адамдарға қатысты тексеріс жүріп жатқаны" жазылған. Хатта осыған байланысты Темірболатовқа ҰҚК қызметкері хабарласатыны ескертілген.

Кейін өзін "ҰҚК қызметкерімін" деп таныстырған адам Темірболатовқа хабарласып, "террористік ұйымға ақша аударғандар қатарында Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшелері барын, қазір олардың барлық шоттары тексеріліп жатқанын" айтқан.

"Істі ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк бірге тексеріп жатыр, олардың қызметкерлері хабарласады, айтқанын орындау керек" дейді әлгі адам Темірболатовқа. Және "бұл құпия операция жайлы ешкімге тіс жармауды" да ескертеді.

Бұдан кейін қоңырау шалған адамдар Серік Темірболатовқа "шотыңыздағы ақшаның бәрін сенімді адамдардың шотына уақытша аударып қою керек, әйтпесе ол қаржы алаяқтық жолмен террористік ұйымдарға кетіп қалуы мүмкін" деп қара бұлт төндіреді.

Зейнеткер Серік Темірболатов шотындағы 20 978 600 теңгені түгелдей әлгі көрсетілген 8 адамға аударған. Телефонға түскен нұсқаулық бойынша, тағы 59 мың доллар қолма-қол ақшаны пакетке салып, курьермен беріп жіберген. Осылайша Серік Темірболатов бір күннің ішінде 55 992 970 теңге ақшасынан айырылып қалған.

Іс жүзінде Темірболатовқа WhatsApp мессенджерімен әлгі хабарды жолдаған Қайрат Мәми емес, алаяқтар екені кейін анықталды. Басқа тағы бірнеше жәбірленуші бар осы істе басты айыпталушы – курьер қызметін атқарған Астана қаласының тұрғыны Худышин деген азамат жауапқа тартылды. Ол Мәскеудегі оқуынан бір жыл демалыс алып, Астанада жұмыс істеп жүрген. Өз айтуынша, сол кезде оған "Мага" деген адам хабарласып, "ақша жеткізіп берші" деп қолқа салған. Худышин осындай бірнеше өтінішті орындап, сол қызметі үшін жиынтығы 390 мың теңге ақы алған. Мұның заңсыз ақша екенін білмедім дейді өзі. Дегенмен биыл шілдеде сот Худышинді 5 жылға соттап, курьер ретінде ақшасын тасыған үш жәбірленушіге жиынтығы 114 млн теңге ақша өтеуді міндеттеді. Бірақ осы алаяқ схеманы ұйымдастырған негізгі қылмыскер(лер) кім екені сол күйі анықталған жоқ.

Осыған ұқсас жағдайға қазақстандық журналистика профессоры Кәкен Қамзин де тап болған. Қызы Әсел Қамзаның жазуынша, 76 жастағы профессор өзіне телефон шалып, алдап соққан алаяқтардың кесірінен 5 миллион 500 мың теңге ақшасы мен жалғыз үйінен айрылып қалған.

Алаяқтар профессорға таныстарынан 2 миллион 300 мың теңге қарыз алдыртып, баспанасын 31 миллион теңгеге сатқызып, жиынтығы 38 800 000 теңгені қолды қылған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

– Сатып алушылардың бұл іске қатысы бар-жоғы қазір анықталып жатыр. Бұл бойынша негізгі мәселе пәтердің айналасында. Егер сот пәтерді сатып алушылардың пайдасына шешсе, онда әкем үйінен айрылады. Ал егер сот шешімі бойынша, үй әкеме қайтарылса, онда 4 баласы бар отбасы (шынымен, алаяқтыққа қатысы жоқ деп анықталса) далада қалмақ. Екі жағдайда да қиын, – деді Әсел Қамза.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің хабарлауынша, сатылған үйдің ақшасы шетелге аударылып кеткен. Оны қайтарып алу мүмкін бе, ол жағы әзірге белгісіз.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов бұл қызметке келгелі бері бірінші рет биыл 16 шілде күні Астанада БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жиында Бектенов технология дамыған сайын алаяқтық, оның ішінде киберқылмыс түрі көбейіп жатқанын айтып, үкімет мейлінше күресуге тырысып жатыр деп мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің сұрақтарына жауап беріп отыр. Астана, 16 шілде, 2025 жыл.
Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің сұрақтарына жауап беріп отыр. Астана, 16 шілде, 2025 жыл.

– Ішкі істер министрлігінде дайындықтан өткен қызметкерлер жұмыс істейтін арнайы бөлімше құрылған. Сондай-ақ Ұлттық банк жанында "антифрод орталығы" деп аталатын құрылым бар. Ол жерде де алаяқтарды ерте кезеңде анықтап, жолын кесуге мүмкіндік бар. Миллиондаған қоңырау алдын ала анықталып, тоқтатылған – яғни, кімге қандай нөмірден хабарласқанын біліп, ол нөмір бұғатталады, SIM-карта істемейді, алаяқтар қоңырау шала алмайды. Дегенмен, бұл – ақпараттық технологиялар заманы. Алдымыздан үнемі жаңа қауіп-қатер шығып тұрады, – деді премьер Бектенов.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар қазақстандықтардан жиынтығы 25 миллиард теңгеге жуық қаражат ұрлаған. Мұның тек 895 млн теңгесі ғана қайтарылған. Ал киберқылмыс саны былтырғыдан 9 пайыз көбейген.

– IT-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты соңғы 8 жылда мұндай қылмыстар саны 10 еседен астам өсті. Биылдың өзінде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Министрлік киберқауіптерге қарсы тиімді шаралар қабылдап жатыр, – деді Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Алаяққа жем болмау үшін не істеу керек? Маманмен сұхбат

Қолыңыздағы телефон нөміріне я WhatsApp мессенджері арқылы күдікті қоңырау я хат түсіп пе еді? Таныстарыңыздан ақша, қарыз сұраған хабарлама алған ба едіңіз? Немесе әлдекім дауыспен сізге қоңырау шалып, банктегі шотыңыздан я картаңыздан біреулер ақша алмақшы, дереу сақтық әрекетке кіріспесеңіз қапы қаласыз деп жанашыр дауыспен "кеңес" айтқан кездер болды ма? Өзіңіз болмасаңыз да, таныс адамдардан осыған ұқсас жағдайларды естіген боларсыз? Алаяққа алданбаудың қандай жолы бар? Қалай сақтанған жөн, ол үшін не істеу керек?

Кибер қауіпсіздік саласының маманы Александр Баитовтан өмір көрген, мол тәжірибесі бар, білімді адамдардың өзі танымайтын кісінің алдап-арбауына тез түсіп қалуының сыры неде деп сұрадым.

– Бұл жерде өте маңызды бір жайт бар – жалпы адамдар ақырзаман туралы әңгімелерге сенуге бейім келеді. Әсіресе, ол әңгіме дұрыс әрі сенімді түрде жеткізілсе. Мұнда әлеуметтік инженерия деген ұғым бар. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар арасында "технологияларды емес, адамдарды бұзу" деген тіркес бар. Яғни, кейде банк жүйесін бұзудың қажеті жоқ – жай ғана сол жүйеге кіретін логин мен кілтсөзді өз еркімен беретін адамды табу жеткілікті. Бұл тек банкке ғана емес, кез келген қорғанысы мықты деген ұйымға да қатысты.

Жалпы алғанда, адам – қауіпсіздік тізбегіндегі ең әлсіз буын, әсіресе, киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтар мен хакерлерге қарсы келе алмайды. Сондықтан, неліктен тіпті ғылым докторлары секілді адамдар да алаяқтарға жем болады деген сұраққа келсек, менің ойымша, оның жауабы қарапайым. Біріншіден, адамның, экономика, медицина, әдебиет я өзге де салаларда ғылыми дәрежесі болғанымен, киберқауіпсіздіктен бейхабар. Кейде тіпті осы салада жүргендердің өзін алаяқтар сан соқтырады. Өйткені, алаяқтардың шабуылы әртүрлі. Кейде көздеген адамды алдын ала мұқият тексеріп, оның достарын, жұмысын, не нәрсеге әуес екенін, өмір салтын зерттейтін мақсатты шабуылдар бар.

Алаяқтар бұған өз уақытын, ақшасын, ресурсын жұмсайды. Бірақ олар сол жұмсағанын қомақты қаржыны иемденіп кету арқылы ақтап алады. Ал бір ғана айлыққа күн көріп жүргендерге стандарт схема арқылы несие рәсімдеуге тырысады. Қысқасы, алаяқтар нақты мақсатқа байланысты әртүрлі әдіс-тәсіл қолданады. Ал бұл жолда әдетте техника мен технологиядан гөрі, адамның психологиясын біліп, манипуляция жасау жеткілікті.

Алаяққа жем болған адамнан сұрасаңыз, "олардың алаяқ екеніне сенбедім, мен туралы беске біліп тұрды, расымен, полициядан немесе қауіпсіздік комитетінен хабарласып жатыр деп ойладым" дейді. Ал кейін сол әңгімені еске түсіре бастаса, өзі туралы ақпараттың көп бөлігін әлгі адамға өзі айтып қойғанын байқайды. Яғни, жанама сұрақтар қойып суыртпақтағаннан кейін бұл адам өзі жайлап бәрін айтып берген болып шығады. Мұның бәрі психологиялық әсер етудің нәтижесі, технологиямен тікелей байланысты емес.

– Қазақстанда қазіргі әлеуметтік инженерия схемалары қалай жұмыс істейді? Алаяқтар нақты қандай тактика қолданып жатыр? Бұл тек қана қоңыраулар, фишинг пен жалған сайттар ма, әлде deep fake, нөмірді ауыстыру, ашық ақпараттар алынған мәліметтерді пайдалану секілді күрделірек тәсілдер ме?

– Егер осы саладағы ноу-хау технологияларға қатысты айтар болсақ, онда қазір алаяқтар жасанды интеллект пен deep fake-ті белсенді пайдаланып жүр. Әлеуметтік желілерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртты әлдебір компаниялардың акцияларын сатып алуға шақырған видеоларын көрген боларсыздар. Немесе Kaspi Bank басшысы Михаил Ломтадзе де акциялар сатып алу туралы айтып жатқан видеолар болды.

Ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект немесе deep fake секілді дүниелерден алыс адам, "міне, президент айтып тұр ғой, банк басшысы айтып отыр – демек, сатып алуға болады" деп, сене салады. Шындығында мұқият қарасаңыз, ол видеолардағы дыбыс пен сөйлеп отырған адамның аузының қимылы сәйкес келмейді, кейде кадр шайқалып, адамның бет-әлпеті бұлыңғыр тартып, анық көрінбей тұрады – яғни бұл видеоның қолдан жасалғаны байқалады.

Технологиялардың қызығын банктер мен құқық қорғау органдары ғана емес, бірінші кезекте кибералаяқтар белсенді қолданады. Және біз көбіне солардан кейін қалып жатырмыз. Яғни, алаяқтар дипфейктерді қолдана бастағанда, біз оларды анықтайтын жүйелерді жасап жатамыз. Олар машинаның көмегімен оқыту мен жасанды жады қолданғанда, біз де өз жүйелерімізге жасанды интеллект қосып, шабуылдарды анықтап, оларды бұғаттауға тырысамыз. Осылайша біз үнемі қуып жетуге талпынамыз, әзірге жете қойған жоқпыз. Қуып келеміз.

Тағы бір өте маңызды нәрсе, адамдар телефонмен алаяқтармен сөйлескенді жақсы көреді. Көбі: "қазір мен оларға көрсетейін бәлем", – деп сөзге тартады. Олай істеуге болмайды. Егер сізге бейтаныс нөмірден қоңырау түссе – жауап бермеңіз. Әрине, егер сіз кәсіпкер болғандықтан клиенттер көп хабарласатын болса, тек "алло" деп жауап беріңіз. Бірден "иә" деп жауап бермеңіз. Өйткені, сіздің даусыңыз сол сәтте жазылып жатқан болуы мүмкін. Жазып алынған дауысыңыз да кейін өзіңізге қарсы қолданылады. Жасанды жады мен машинаның көмегімен оқыту жүйелері сіздің дауысыңызды жазып алып, кейін оны әртүрлі сөздер мен сөйлемдерді айтатындай етіп үйреніп алады. Сіз алаяқпен сөйлесіп отырмын деп ойлап, онымен бес минут сөйлескен кезде, оған өз дауысыңызды, интонацияңыз бен сөйлеу мәнеріңізді жазып алуға мүмкіндік бересіз. Кейін сол жазба бойынша сіздің дауысыңызды айнытпай салатын жүйе жасалып, сіздің таныс-жақындарыңыздан ақша сұрауы әбден мүмкін.

Сондықтан, егер сізге туысыңыз қоңырау шалып, "шұғыл түрде ақша керек" десе – "жақсы, мен қазір қайта хабарласамын" деп жауап беріп, сол адамға өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Қайта хабарласуға мүмкіндік болмайтын кез де болады. Бірақ сақтық әрқашан керек. Егер, шынымен, шұғыл жағдай болса – сіз бәрібір ол адаммен байланыса аласыз. Ал егер ол туысыңыз емес, алаяқтар болып шықса – сіз ақшаңызды да сақтап қаласыз және өзіңіз бен туыстарыңызды да қорғайсыз. Ал сеніп қалып, ақша беріп жіберсеңіз немесе баспанаңыздан айырылып қалсаңыз – өкініштен опық жейсіз.

– Алаяқтардың жолын кесу неге қиын? Неліктен банк те, киберполиция да ондаған мың доллар ақша аударылған шақта оны дер кезінде тоқтата алмайды? Бұл технологиялардың осалдығы ма, үйлестіру жоқтығынан ба, әлде құқықтық өкілеттік шектеулі деген сөз бе? Жалпы, алаяқтарға алданбаудың жолы бар ма? Ол үшін не істеу керек?

– Бұл жерде бірнеше маңызды мәселе бар. Біріншіден, қазіргі таңда, менің білуімше, Қазақстан цифрлық үкімет, цифрлық мемлекет және цифрлық қызметтер деңгейі жағынан әлем бойынша үздік ондыққа кіріп отыр. Бұл – ел дамуы, экономикалық және технологиялық әлеует тұрғысынан өте жоғары және мақтанарлық көрсеткіш. Бірақ, бұл жетістіктің артықшылығымен бірге қауіп-қатері де бар. Себебі, технологияның дамуы, қолданушыға ыңғайлы заманауи қызметтердің пайда болуы – олардың бұзылуына, алаяқтардың назарын аударуға да әкеледі.

Сондықтан, атап өтетін бірнеше жайт бар. Біріншіден, біз жаңа бірегей сервистерді жасауға ұмтылғанда, бұл жерде "біз" дегеніміз – банктер, телеком-компаниялар, мемлекеттік құрылымдар көп жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті екінші орынға ысырып тастайды. Неге? Өйткені қауіпсіздік шараларын енгізу – сол сервисті нарыққа шығару уақытын созып жіберді. Сондықтан біз не істейміз? Бәсекелестер жаңа өнім шығарды, біз де тезірек өзіміздікін іске қосуымыз керек деп, оның қауіпсіздігін ескермейміз. Басты мақсат – жылдам іске қосу. Ал бұл керісінше болуға тиіс: қызмет немесе қосымша әзірленіп жатқанда, бір мезгілде оның қауіпсіздігі де қоса қарастырылуы қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – киберқылмыскерлер әрдайым жаңа жолдарды, жаңа әдістерді іздеумен болады. Біздің құқық қорғау органдарымыз – ҰҚК, полиция және басқа да құрылымдар алаяқтар ойлап тапқан қандай да бір жаңа схеманы анықтаса, оны дереу бұғаттап, халықты хабардар етуге тырысады. Бірақ бір схеманы жапсақ – алаяқтар екіншісін ойлап табады. Бұл үнемі жалғасып келе жатқан "мысық пен тышқан" ойыны іспетті.

Қазір Қазақстанда BugBounty деп аталатын арнайы платформа жұмыс істейді. Бұл платформада қосымшалар мен сайттардағы осал тұстар анықталады. Оған банктер, телеком-компаниялар, түрлі ұйымдар тіркеліп, өз жүйелерінің осал тұстарын тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жүйеде ақпараттық қауіпсіздік зерттеуші – "адал хакерлер" жұмыс істейді. Олар жүйедегі осал тұстарды тауып береді, ал компаниялар оларға сол үшін ақша төлейді. Бұл – заңды, қауіпсіз, әрі нарықта сұранысқа ие бағыт.

Иә, олар "қара хакерлер" сияқты көп табыс таппайды. Дегенмен, қызметі маңызды. Соның өзінде біз әлі де көп жағдайда кибершабуылдардан кейін әрекет етіп келеміз. Себебі олар көп жағдайда жүйені бұзбай-ақ адамды алдап әрекет етеді. Яғни, технология арқылы өтпесе, психология арқылы өтеді. Банктер өз тарапынан түрлі антифрод-жүйелерді енгізіп жатыр. Олар күмәнді әрекеттерді байқап, күдікті транзакцияларды автоматты түрде бұғаттай алады. Бірақ екінші жағынан, кейде бұл, шын мәнінде, легитимді процесс болуы да мүмкін: адам шын кредит алуға келді, банк оны сатуға мүдделі. Сондықтан ең бастысы – халықтың санасын өзгерту, сындарлы ойлауды дамыту. Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдарға қатысты.

Алаяқтар психологиялық қысым жасап иландырып, адамды адастыруы ықтимал. Сол себепті ата-аналарымызға, ата-әжелерімізге: "Бейтаныс нөмірден қоңырау түссе – жауап берме", "полициядан хабарласып тұрмыз", "ҰҚК-денбіз", "банктенбіз" дегендерге сенбе" деп айтып, ескерткен жөн. Бөтен нөмірден "ұлыңыз, қызыңыз қиын жағдайға тап болды" деген қоңырау түссе, ештеңе айтпай, байланысты үзіп, ол айтып тұрған нақты адамға өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Себебі эмоцияға беріліп қабылдаған шешім – ең қауіпті шешім екенін ұмытпаңыз.

– Қарттар, балалар сияқты осал топтарды қалай қорғауға болады? Елде жалпы алаяқтарға алданып қалмаудың алдын алу шаралары бар ма?

– Қазір, менің білуімше, бұл тақырып мектептерде қозғала бастады. Түрлі бағдарламалар аясында мектептермен жұмыс істейтін компаниялар мен ұйымдар бар. Олар мектепке барып, арнайы сабақтар да өткізеді.

Менде де дәл солай болды: алғашында ұлымның сыныбына келдім, кейін мені басқа сыныптарға да шақыра бастады. Уақыт өте келе мектепке барып, балаларға кибергигиена туралы айтатын болдым — яғни, әлеуметтік желіде не істеуге болады, ал ненің мүлде қажетсіз екенін түсіндірдім.

Қазір мектептерде бұл тақырыпқа назар біртіндеп артып келеді. Бірақ әзірге оқу-ағарту министрлігі тарапынан бұл бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама іске қосылды дегенді естіген жоқпын. Мұндай бағдарлама болуы мүмкін, бәлкім, мен оны естімеген шығармын, дегенмен егер шынымен бар болса, онда БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланатын еді, ресми түрде хабарланатын еді. Ал ондай ақпаратты әлі көрмедім.

Жалпы, бұл мәселені кім көтеруі керек десек – мектептер мен балаларға қатысты болғандықтан, оқу-ағарту министрлігі бұл тақырыпқа ерекше назар аударып, арнайы бағдарлама жасап, нарықтан мамандар тартып, оларды ерікті немесе кеңесші ретінде жұмылдыруы қажет.

Бұл жерде біз бір мезетте мынадай жағдайға тап боламыз: біз, ата-аналар, өзіміз де әрдайым не істеуге болатынын, не істеуге болмайтынын дұрыс түсіне бермейміз. Мысалы, өзіміз де пират сайттарға кіруіміз мүмкін, өзіміз де алаяқтардың арбауына түсуіміз мүмкін.

"Мені алдап кетті", "енді отбасымда қалай айтам, менің атымнан несие рәсімдеп қойыпты". Әсіресе, мұндай жағдайлар 50-60 жастан асқан адамдардың арасында жиі кездеседі. Олар мұндай кезде не істеу керегін білмейді: полицияға бару керек пе, арыз жазу керек пе, ал олар мені мазақ етсе ше? Банкке қоңырау шалуға да қиналады – барлық деректі айтты ма, жоқ па, түсініксіз.

Сол себепті мұндай жағдайда күмән мен қобалжуды ысырып тастап, нақты әрекет ету алгоритмін қолдану керек. Яғни:

  • Алдап кетті ме – дереу полицияға арыз жазыңыз;
  • банк карталарыңызды бұғаттап, банкке хабарласып ескерту қажет;
  • ақша аударымын тоқтату керек;
  • мұның бәрі дер кезінде жасалуға тиіс.

Халықты ақпараттандыру – бұл үкіметтің, мемлекеттің жауапкершілігі.

Алайда, 5-6 немесе 10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, бүгінде ақпараттандыру деңгейі әлдеқайда жақсы. Қала көшелеріндегі билбордтарда "алаяқтарға алданып қалмаңыз" деген ескертулер ілінген. Банктер де өз клиенттерін жиі ескертіп отырады: "картаңыздың үш таңбалы CVV кодын ешкімге айтпаңыз", "қауіпсіздік қызметіненбіз деген қоңырауға сенбеңіз" деген сияқты, т.т.

Жалпы жүйе жұмыс істеп тұр. Бір жағынан – процесс өз деңгейінде жүріп жатыр, әр қатысушы шамасы келгенше ақпарат таратып, халықтың хабардар болуына үлес қосып жатыр. Бірақ екінші жағынан, сол ақпараттың тиімділігі мен ұсынылу форматы да маңызды. Себебі кейде алаяқтар туралы хабарламалардан гөрі, банктердің немесе телеком компаниялардың өнім жарнамалары жақсы ұсынылады.

Мысалы, жаңалықтардан біз Кaspi Жұма науқаны қашан өтетінін, қандай дүкенде жеңілдік барын көріп, бірден назар аударамыз. Бірақ дәл сол жерде жарияланған: "Алаяқтардың жаңа схемасы пайда болды, абай болыңыз!" деген маңызды ақпаратты жай ғана көз сырғыта қарап, өте шығамыз.

Бұл жерде маркетинг те өз рөлін ойнайды – жарнамалар көрнекі, тартымды етіп жасалады. Ал алаяқтық туралы ескертулер көбінесе көзге түсе бермейді, көңіл аудартпайды.

– Өзіңізге түскен әлгіндей қоңыраудың, онда айтылған ақпараттың рас-өтірігін тез арада қалай тексеруге болады? Егер адам ақшасын жіберіп қойған болса, оны қайтарып алу мүмкіндігі бар ма? Жалпы бұл мәселемен кім айналысуы керек?

– Сұрақтарыңызға сіз қойған ретпен жауап беріп көрейін. Мысалы, егер сізге Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдары атынан қоңырау шалып сөйлессе не істеу керек? Қазір адамдардың көбі мұндай жағдайға дайын, аз-мұз тәжірибесі бар деуге болады. Яғни, біреу өзін ҰҚК немесе ішкі істер органы қызметкерімін деп таныстырып, "Василий Петров" деген есіммен сөйлесе бастаса, бұл шынымен де мемлекеттік орган ба, әлде алаяқ па – оны түсіну қиын емес.

Көп жағдайда телефон тұтқасын бірден қоя салуға болады. Қайта-қайта – тіпті оншақты рет қайта хабарласуы мүмкін. Әсіресе бұл +7 900 деп басталатын Ресей нөмірлерінен байқалады. Ондай нөмірлерге мүлдем жауап бермей, бірден бұғаттап тастаған дұрыс.

Егер адам сеніп қалып, алаяқтардың сөзіне еріп кетсе, әсіресе видео қоңырау жасап, полиция қызметкерінің киімін киген біреу байланысқа шыққан кезде, адамға "Мүмкін, бұл шынымен полиция қызметкері шығар" деген ой келіп, иланатындай жағдайда болады. Бірақ мынаны есте сақтау керек: нағыз полиция қызметкерлері ешқашан WhatsApp арқылы видео қоңырау шалып, байланысқа шықпайды. Сондықтан күмәндансаңыз – тұтқаны қойып, өзіңіз сол мекемеге ресми байланыс жолы арқылы хабарласқаныңыз жөн.

Алаяқтар көбінесе нақты аты-жөнін, шенін айтып таныстырады. Айтқанын жазып алыңыз да, сол органға өзіңіз тікелей қоңырау шалып, әлгіндей адам бар-жоғын, оның сізге неліктен видеомен хабарласып жатқанын сұрап, ақпаратты тексеріңіз.

Ал егер ақшаны аударып қойсаңыз, неғұрлым тезірек – мүмкіндігінше дереу – ақшаны қайда жібергеніңізді көрсетіп, сол банктің қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыз. Карта немесе шот бұғатталуы мүмкін. Әр банктің бұл жағынан өзіндік ішкі ережелері бар, сондықтан кепілдік беру қиын. Бірақ тезірек қимылдап, шұғыл шаралар қолданған жағдайда ол ақшаңызды алаяқтарға жем қылмай, жарты жолдан тоқтатып қалуыңыз да мүмкін.

Егер ақша шетелдегі шотқа аударылған транзакция, әсіресе ірі сома болса, банк оны байқауы мүмкін. Бірақ бұл жерде ең бастысы – уақыт. Ақшаны аударғаннан кейін 3-4 күн өткенде емес, дереу әрекет ету қажет.

Сонымен қатар, полицияға арыз жазу да маңызды. Қазір құқық қорғау органдары мұндай істерге белсенді араласып жатыр. Себебі алаяқтықпен адамның сеніміне кіріп алып, сан соқтырған оқиғалар күрт көбейіп, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG