Accessibility links

Орталық Азия оңтүстікке шығар жол іздеп, "Талибанмен" жақындасып жатыр. Бұдан Қытай ұта ма?


Қазақстан вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу (алдыңғы қатарда сол жақта) Ауғанстанға сапарында "Талибан" үкіметі өкілдерімен кездесті. Кабул, 10 шілде, 2025 жыл.
Қазақстан вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу (алдыңғы қатарда сол жақта) Ауғанстанға сапарында "Талибан" үкіметі өкілдерімен кездесті. Кабул, 10 шілде, 2025 жыл.

Ресей тәліптер құрған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындады. Ал Орталық Азия елдері "Талибан" үкіметін ресми тануға асықпай отыр, бірақ онымен инфрақұрылымдық жобалар мен сауда байланыстарын дамыту бағытында келіссөздер жүргізуге көшті. Аймақтың Ауғанстанмен жақындасуына Ресеймен бірге Қытай да мүдделі болуы мүмкін.

Ортақ стратегиясы жоқ сауда мен теміржол

Шілдеде Қазақстан вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған жоғары лауазымды делегация Кабулға барып, тәліптер үкіметінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Орталық Азияны оңтүстікпен байланыстыратын теміржол құрылысы мен оны пайдалану қағидаттары туралы меморандумға қол қойған. Астана Түрікменстан шекарасындағы Торғынды қаласынан Гератқа дейінгі теміржол тармағын салуға қызығушылық танытып отыр. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл бағыт Пәкістан порттарына жүк жеткізуге жол ашпақ. Жобаны іске асыру үшін Қазақстан 500 миллион доллар инвестиция салуға дайын. Былтыр Қазақстанның Ауғанстанға экспорты осы сома шамасында болған.

"Ауғанстан біз үшін сауда-экономикалық күн тәртібін белсенді дамытып жатқан маңызды серіктестердің біріне айналды. Біз тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат еттік – бұл міндет екі тараптан да қолдау тапты. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, жанар-жағармай материалдарын, минералдық тыңайтқыштар мен химия өнеркәсібі өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға дайын", — деді Нұртілеу.

Cәуірде Ауғанстанға Қазақстанның тағы бір вице-премьері Серік Жұманғарин барған. Сол сапарында Астана Ауғанстандағы кен орындарына қызығушылық танытып, түсті металдар құрамын зерттеу үшін үлгілер алынған.

Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин (солдан санағанда екінші) Кабулда. 22 сәуір, 2025 жыл.
Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин (солдан санағанда екінші) Кабулда. 22 сәуір, 2025 жыл.

Қазақстан шенеуніктерінің Кабулға жиі баруы түсінікті: теңізге шығатын жолы жоқ, мұнайының негізгі бөлігін Ресей арқылы әлемдік нарыққа шығаратын ел үшін балама жолдар керек және ресурстарды Үнді мұхитындағы порттар арқылы экспорттау мүмкіндігі қажет. Бұдан бөлек, Орталық Азияның өзге елдеріне бидай мен ұн сатуы бәсеңдеген Қазақстан Ауғанстанды жаңа нарық көреді.

Экономикасы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі екінші мемлекет саналатын Өзбекстан да саудасын кеңейтуді көздеп отыр. Нұртілеу сапарынан бір апта өткен соң Кабулға Ташкент делегациясы да сапарлады. 18 шілдеде Өзбекстан, Пәкістан және тәліптер үкіметінің өкілдері Трансауған дәлізіне арналған технико-экономикалық негіздеме дайындауға келісті. Бұл дәліз Термезді Пәкістандағы Харлачимен байланыстыруы мүмкін.

Өзбекстан сыртқы істер министрі Бақтияр Саидов, "Талибан" үкіметінің министрі Әмір Хан Муттаки және Пәкістан сыртқы істер министрі Исхак Дар теміржол құрылысына бірлескен техникалық-экономикалық зерттеу жүргізу туралы рамалық келісімге қол қою сәтінде. Кабул. 17 шілде, 2025 жыл.
Өзбекстан сыртқы істер министрі Бақтияр Саидов, "Талибан" үкіметінің министрі Әмір Хан Муттаки және Пәкістан сыртқы істер министрі Исхак Дар теміржол құрылысына бірлескен техникалық-экономикалық зерттеу жүргізу туралы рамалық келісімге қол қою сәтінде. Кабул. 17 шілде, 2025 жыл.

Сыртқы саясатта әрдайым бір қадам ілгері ойлайтын Өзбекстан "Талибанмен" қарым-қатынасты көршілерінен бұрын орнатқан. 2024 жылы ел премьер-министрі Абдулла Әріпов Кабулға барып, биыл тәліптер үкіметінің вице-премьері Абдул Ғани Барадар Ташкентке келді. Тараптар баж салығын азайту, Ауғанстанда газ өндіруге өзбек инвестициясын тарту туралы келісімдерге қол қойды.

Түрікменстан Ауғанстанмен ТАПИ жобасы (Түркіменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан елдерін қамтитын газ құбыры) бойынша келіссөз жүргізіп келеді. Ашғабат өз газын оңтүстікке экспорттауға үмітті.

Қырғызстан да былтыр "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен шығарып (бұған дейін Қазақстан да солай істеген), Ауғанстанмен байланысын күшейтуді жоспарлап отыр. Тек Тәжікстан ғана тәліптермен іскерлік қатынастан бас тартып отыр. Бұл Орталық Азия елдерінің Ауғанстан жөнінде ортақ стратегиясы жоқ екенін көрсетеді.

— Тәжікстан үкіметінің ұстанымына Ауғанстандағы тәжіктердің қазіргі ахуалы, олардың мемлекеттік басқару институттарында бұрын болған ықпалын жоғалтуы әсер етіп отыр. Бұл – Душанбе үшін ауыр мәселе, сондықтан олар "Талибанға" қатысты бірыңғай аймақтық стратегия құру идеясын әзірге қолдамай отыр. Ал Ауғанстанмен ынтымақтастық бойынша бірыңғай стратегия Орталық Азия елдеріне пайдалы болар еді және олардың ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келер еді, — дейді Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence зерттеу ұйымының жетекшісі Әлішер Илхамов.

Қытай мүддесі

Металл қорына бай, бірақ өзі кедей Ауғанстан — Орталық Азия елдерін Парсы шығанағына қысқа жолмен шығара алатын маңызды геостратегиялық торап, Оңтүстік Азияға апаратын "қақпа".

Ауғанстанның шығыстағы көршісі – Қытай да Кабулмен ынтымақтастық орнатуға дәмелі. Егер Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Ауғанстанмен теміржол қатынасын жолға қойса, бұл Пекин бастамашыл болған "Орта дәліз" бағытының маңызын арттырады. Бұл дәліз қазір Қытай тауарларын Еуропаға Каспий теңізі, Кавказ аймағы және Түркия мемлекеті арқылы жеткізуді көздейді. Пекин осылайша құрлықтағы тасымал бағыттарын әртараптандырып, Ауғанстанды өзінің ауқымды "Бір белдеу, бір жол" жобасына кіріктіре алады.

— Ауғанстан арқылы логистикалық бағыттарды ашу "Бір белдеу, бір жол" бастамасын толықтыра түспек. Бұл тұрғыда Қытай мүддесі Ресей аумағынан өтетін логистика бағытынан айырылған Орталық Азия елдерінің мүдделерімен сәйкеседі. Егер Қытай трансауған сауда бағытына инвестиция салса, оның аймаққа, соның ішінде Орталық Азияға, Ауғанстанға және Пәкістанға ықпалы артады. Яғни, Қытай тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, геосаяси жағынан да ұтады, — дейді Әлішер Илхамов.

"Талибан" үкіметінің вице-премьері Абдул Ғани Барадар Логар уәлаятындағы мыс өндіру жобасының ашылу рәсімінде. 24 шілде 2024 жыл. Қытайлық инженерлер мен "Талибан" былтыр әлемдегі ең ірі екінші мыс кені орны "Мес-Айнакты" игере бастады.
"Талибан" үкіметінің вице-премьері Абдул Ғани Барадар Логар уәлаятындағы мыс өндіру жобасының ашылу рәсімінде. 24 шілде 2024 жыл. Қытайлық инженерлер мен "Талибан" былтыр әлемдегі ең ірі екінші мыс кені орны "Мес-Айнакты" игере бастады.

Қытай жаңа мыңжылдықтың басынан бері Орталық Азиямен тығыз ынтымақтастыққа ерекше мән беріп келеді. Пекин бұл аймақты Еуропа, Шығыс және Оңтүстік Азия елдерін байланыстыратын "еуразиялық құрлық көпірінің" маңызды бөлігі және өз экономикасына қажет шикізат ресурстарының көзі ретінде қарастырады.

Қытай билігі кейінгі жылдары елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде автомобиль және теміржолдар салуға миллиардтаған доллар инвестиция салды. Бұл өлкеде көп жылдар бойы сепаратистік көңіл-күй күшті болып келді. Аймақты түркітілдес халықтар — ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар мекендейді, олардың ішіндегі кейбір топтар орталық билікке наразылық білдіріп, кеңірек автономия талап еткен.

Шыңжаңды өнеркәсіптік және ауылшаруашылық базаға айналдырған Қытай Орталық Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларға да қаржы сала бастады.

Бұл ынтымақтастық өз нәтижесін бергендей: егер 1998 жылы Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тауар айналымы жарты миллиард доллардан аспаса, 2024 жылы сауда көлемі 95 миллиард долларға жуықтады.

Австралиядағы Гриффит университетінің зерттеушісі Майкл Кларк 2013 жылғы мақаласында Қытай "Үлкен Орталық Азия" (Greater Central Asia) тұжырымдамасын ұстанатынын жазған. Оның айтуынша, Қытай бұл аймақты кеңірек ауқымда қарастырып, оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан бөлек, Ауғанстанды да қосады. Қытай осылайша бірнеше мақсатты көздеп отыр деді зерттеуші. Атап айтқанда, Ауғанстанмен шектесетін Шыңжаң өлкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аймақпен кең экономикалық байланыстар орнату, оның табиғи ресурстарына қол жеткізу және Батыс державаларының ықпалына қарсы тұру.

Биыл маусымда Астанада өткен "Орталық Азия – Қытай" саммитінде Қытай басшысы Си Цзиньпин Ауғанстанды қалпына келтіру және дамыту мақсатында Кабулмен ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астана әуежайында. 16 маусым, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астана әуежайында. 16 маусым, 2025 жыл.

"Біз Ауғанстанға даму әлеуетін арттыруға және бейбітшілікке, тұрақтылыққа, қалпына келуіне және өркендеуіне тезірек қол жеткізуіне көмектесу үшін үйлестіруді күшейтуіміз керек", – деді Си Цзиньпин аймақтағы бес елдің басшыларымен кездесуде.

Қытай басшысын саммитте Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанды сауда-экономикалық байланыстарға тарту елді халықаралық оқшаулаудан шығуға көмектесетінін айтты. Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы барлық мемлекеттің және Қытайдың қатысуымен Ауғанстанмен өзара іс-қимыл мәселелерін қарастыру үшін жоғары деңгейдегі топ құруды ұсынды.

"Орталық Азия – Қытай" саммитінің қатысушылары. Астана, 17 маусым, 2025 жыл.
"Орталық Азия – Қытай" саммитінің қатысушылары. Астана, 17 маусым, 2025 жыл.

Ауғанстанға инвестиция салу теңізге тікелей шыға алмайтын Орталық Азия мемлекеттері үшін тиімді болуы мүмкін. Алайда бұл тұрақсыз елге қаржы құю тәуекелге толы іс болып қала береді.

— Ауғанстанға капитал салудағы тәуекел елде тағы бір тұрақсыздық болуы деген қауіпке байланысты. Мәселен, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлағаннан "Талибанның" бір бөлігі одан әрі радикалданып, ел түрлі қарулы топ басқаратын бірнеше аймаққа бөлінуі ықтимал, — дейді Әлішер Илхамов.

Ауғанстан билігінің әлемдік деңгейде ресми мойындалмауы да жағдайды ушықтыруы мүмкін. Әзірге тәліптерді Ауғанстанның заңды билігі деп Ресей ғана ресми мойындап отыр. Кремльдің Орталық Азияға ықпалы жоғары болғанымен, аймақ елдері Ауғанстанға мәселесінде өзінің ұлттық мүддесін, бәлкім тағы бір алпауыт көршінің мүддесін ескеруі ықтимал.

— Қазір Орталық Азия елдері "Талибан" үкіметі мәселесінде әжептәуір еркін әрекет етіп отыр. Бірақ егер бұл іске Қытай араласса, оның бүкіл аймаққа ықпалы айтарлықтай артады. Батыс әзірге "Талибанды" мойындаудан және Ауғанстан экономикасына инвестиция салудан тартынып отыр, ал Ресей өз аумағынан өтетін жолдарға балама сауда бағыттарының пайда болуына құлықсыз, — дейді Әлішер Илхамов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG