Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Оппозициялық белсенді қоныс-колониясына көшірілмейді

Сотталған оппозициялық белсенді Айдос Садықов қоныс-колониясына көшірілмейді. Садықовтың арызын қараған арнайы комиссия осындай шешім шығарды деп хабарлайды Азаттық радиосына бүгін оппозициялық белсендінің әйелі Наталья Садықова.

2010 жылдың шілде айында Айдос Садықов бұзақылық жасады деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Садықов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол өзінің билік тарапынан жасалған арандатушылықтың құрбаны болып отырғанын айтады.

Басқа да жаңалықтар

Жапониядағы сайлау биліктегі коалицияны әлсіретті

Жапонияның премьер-министрі және билеуші Либералды-демократиялық партияның төрағасы Сигэру Исиба сайлау нәтижесі жазылған тақтаның қасынан өтіп барады. Токио, 20 шілде, 2025 жыл.
Жапонияның премьер-министрі және билеуші Либералды-демократиялық партияның төрағасы Сигэру Исиба сайлау нәтижесі жазылған тақтаның қасынан өтіп барады. Токио, 20 шілде, 2025 жыл.

Жапонияда жексенбі, 20 шілде күні өткен сайлаудың нәтижесі билік басындағы Либерал-демократиялық партия (ЛДП) мен оның коалиция бойынша серіктестері парламенттің жоғарғы палатасындағы (Кеңесшілер палатасы) басымдығынан айырылып қалғанын көрсетті.

Өңірлер және префектуралардағы сайлау комиссиялары жариялаған алдын ала мәліметтерге сәйкес, либерал-демократтар мен олардың одақтастарына – "Комэйто" партиясы – сайлау нәтижесінде жоғарғы палатадағы 124 орынның тек 49-ы ғана тиюі мүмкін. Ал жоғарғы палатада басымдығын сақтап қалу үшін кемінде 50 орын иеленуі қажет. Айта кетейік, осы жолы Кеңесшілер палатасы мүшелерінің жартысы қайта сайланды.

Былтыр қазан айында өткен кезектен тыс сайлау қорытындысына коалиция төменгі палатада да көпшілік дауыстан айырылған еді – бұл кейінгі 15 жыл ішінде алғаш рет болып отырған жағдай. Дегенмен, ЛДП жетекшісі Сигэру Исиба сол кезде премьер-министр қызметінде қалған.

Жоғарғы палатадағы қазіргі сайлаудың нәтижесі үкіметтің өзіне тікелей қауіп төндірмейді, алайда сарапшылардың айтуынша, бұл премьер-министрдің саяси ұстанымын әлсіретеді. Соған қарамастан, Исиба премьер-министр қызметінен кетуге ниеті жоғын аңғартты. Алайда, ЛДП-ның кейбір мүшелері ол сайлауда қатарынан екінші рет жеңіліп қалғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деп мәлімдеді.

  • Либерал-демократиялық партия – Жапониядағы ең ірі саяси күш. Ол 1955 жылы құрылған сәтінен бастап (жиынтығы 4 жылға жуық аз ғана үзілістермен) үкімет тізгінін ұстап отыр. ЛДП мен "Комэйто" билік коалициясына 2009 жылы енген.

Путин Мәскеуде аятолла Хаменейдің кеңесшісімен кездесті

Әли Лариджани
Әли Лариджани

Жексенбі, 20 шілде күні Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің бас кеңесшісі Әли Лариджанимен Иранның ядролық бағдарламасына байланысты мәселелер бойынша келіссөз жүргізген, деп хабарлады ресейлік басылымдар.

Бұл кездесу болатыны жайлы алдын ала ресми ақпарат айтылған жоқ.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Лариджани Ресей басшылығына "Таяу Шығыста шиеленісіп бара жатқан жағдай мен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалға қатысты ойларды жеткізген". Путин болса "Ресейдің аймақтағы жағдайды тұрақтандыру және Иранның ядролық мәселесін саяси жолмен реттеу жөніндегі көпшілікке белгілі ұстанымын қуаттады", – деді Песков.

Мәскеу Иран режимімен достық сипаттағы қарым-қатынас ұстанып отыр. Алайда маусым айында АҚШ Израильдің Иранға қарсы ауқымды әскери операциясына қосылғаннан кейін де, Ресей Тегеранға нақты әрі кесімді қолдау білдірмеген.

Израиль ол шабуылдардың мақсаты — Иранның ядролық қару жасау және өндіру бағытында ілгерілеуін тоқтату, сондай-ақ Таяу Шығыс аймағындағы ираншыл қарулы топтардың белсенділігін басу деп мәлімдеген. Ал АҚШ Израильдің операциясын қолдап, Иран тарапынан "өмір сүруге төнетін қауіп-қатерге" тосқауыл қою қажет деген.

Германиядағы дипломатиялық дереккөз сүйенген AFP агенттігі күндері Ұлыбритания, Франция және Германия Иранмен оның ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр деп жазды. Сондай-ақ Иранның Tasnim ақпарат агенттігі аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп, Тегеран үш еуропалық елмен келіссөздер өткізуге келісім берді деп хабарлады.

Өткен аптада Кремль америкалық Axios басылымы аты-жөні көрсетілмеген дереккөздерге сүйеніп жариялаған ақпаратты жоққа шығарды. Ол ақпаратта Путин Иранды АҚШ-пен мәмілеге келуге, яғни Иран аумағында уран байытудан бас тартуды көздейтін келісімді қабылдауға "ынталандырды" деп айтылған еді. Иран ресми мәлімдемелерінде ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын, ал атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі "заңды құқықтарын" табанды түрде қорғайтынын үнемі айтып келеді.

Атырауда балалар уланған жекеменшік бассейннің басшысы үйқамаққа алынды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Атырау қаласының тергеу соты балалар жаппай уланып қалған Palma жекеменшік бассейнінің басшысын үйқамаққа алу туралы қаулы шығарды, деп жазды жергілікті басылымдар.

13 шілде күні Атыраудағы тұрғындар көп баратын акваорталықтағы бассейнде адамдар денсаулығы күрт нашарлап, әлденеден уланып қалған. Куәгерлердің айтуынша, бассейн бөлмесінде кенеттен хлор иісі қатты сезіліп, су лайланып кеткен. Балалар жөтеліп, құсып, есінен тана бастаған. Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын көтеріп, сыртқа алып шыққан. Оқиға орнына дереу дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметі барған.

Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген 13 бала мен 2 ересек адам су құрамындағы мөлшерден көп хлордан уланған болуы мүмкін деп болжам айтқан. Медициналық көмек алған 10 баланың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оларды үйіне жіберген. 3 бала жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін олардың да беті бері қараған.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға құрамында хлор бар заттарды мөлшерден тыс қолдану себеп болған. Бассейн иелері су тазарту жүйесінде ақау болғанын мойындаған. Төтенше оқиғадан кейін нысан жабылып, ТЖД мен прокуратура тексеріс жүргізуді бастады.

Тергеу ісі аяқталғанға дейін акваорталық басшысы үйқамақта болады.

Трамп Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ауған босқындарына көмектесуге уәде етті

БАӘ-дегі ауған босқындары. 10 ақпан, 2022 жыл.
БАӘ-дегі ауған босқындары. 10 ақпан, 2022 жыл.

Жексенбі, 20 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қашуға мәжбүр болған ауған босқындарына көмектеспек ниеті барын мәлімдеді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көптеген елінде лаңкестік ұйым деп танылған.

БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде шыққан тегі ауған америкалық әскери қызметшілердің туыстары, ата-анасымен қауышатын күнді күтіп жүрген балалар, осы кезге дейін АҚШ қабылдаған адамдардың туыстары, сондай-ақ АҚШ әскері Ауғанстанда 20 жыл болған кезде америкалық үкіметпен әріптестік орнатқан ондаған мың ауған азаматы бар.

"Мен оларды құтқаруға тырысамын және бұған дереу кірісемін", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Ол постында Just the News жаңалықтар порталындағы мақалаға сілтеме салды. Онда БАӘ билігі кейбір ауған босқындарын "Талибанға" бермекші-мыс деп айтылған. Алайда әзірге бұл ақпаратты растайтындай ресми дерек жоқ деп жазды Reuters агенттігі. АҚШ Мемлекеттік департаменті де бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.

БАӘ – АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы басты әріптестерінің бірі. 2021 жылы "Талибан" қозғалысы Кабулдағы билікті толық қолына алғаннан кейін, БАӘ ол Ауғанстаннан шұғыл эвакуацияланған бірнеше мың ауған азаматын уақытша қабылдауға келіскен. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігінің мәліметінше, содан бері шамамен 200 мың ауған азаматы АҚШ-қа қоныс аударған. 2022 жылы Канада АҚШ-тың өтінішін орындап БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде қалған шамамен бір мың ауғанды қабылдауға келісті. Қазіргі кезде БАӘ аумағында нақты неше ауған босқыны қалғаны белгісіз.

Кейінгі кезде кейбір мемлекеттер ауған босқындарын депортациялауға белсендірек кірісе бастады. БҰҰ деректеріне сүйенсек, кейінгі жеті ай ішінде Иран мен Пәкістаннан Ауғанстанға екі миллионға жуық босқын қайтарылған. Ал өткен жұма күні Германия көші-қон саясатын қатаңдату аясында 81 ауған азаматын елден шығарды. Еуропа одағының өзге елдері де ауған босқындарына баспана беру ережелерін қайта қарап, шектеулер енгізуді ұсынып отыр.

АҚШ-тың өз ішінде демократтар Трамп әкімшілігінен ауған азаматтары үшін уақытша қорғау статусын (TPS) қайта қалпына келтіруді талап етіп отыр. Олар Ауғанстандағы қазіргі билік кезінде әсіресе әйелдер мен балалар қорғансыз қалып отыр дейді.

Тоқаев Вьетнам басшылығына көп адам қаза болғанына байланысты көңіл айтты

Ондаған адамның қазасы себеп болған апатқа ұшыраған яхтаны (ақ түсті) Халонг мүйсіндегі портқа сүйреп апара жатыр. Куангнинь провинциясы, Вьетнам, 20 шілде, 2025 жыл.
Ондаған адамның қазасы себеп болған апатқа ұшыраған яхтаны (ақ түсті) Халонг мүйсіндегі портқа сүйреп апара жатыр. Куангнинь провинциясы, Вьетнам, 20 шілде, 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламға көп адамның қаза болуына байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдаған.

Тоқаев Вьетнамда болған "Вифа" тайфуны салдарынан су айдынында аударылған яхтада болған көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ достас Вьетнам халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан жарақат алғандардың тез арада сауығып, аман-есен отбасыларына оралуына тілектестігімді білдіремін", – деген жеделхатта Қазақстан президенті.

Жексенбі күні Вьетнамның солтүстігіндегі Халонг мүйісінде қатты дауыл кезінде туристер мінген яхта аударылып, кемінде 34 адам қаза болды. 11 адам құтқарылып, 8 адам хабар-ошарсыз кетті. Қаза болғандар арасында кемінде 8 бала бар. Яхтада барлығы 48 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.

Ақпарат құралдары туристердің көбі ел астанасы Ханойдан, арасында шамамен 20 бала болған деп хабарлады.

Халонг мүйісі – Вьетнамда адам көп баратын табиғи орындардың бірі, жыл сайын оған миллиондаған адам саяхаттап барады.

Мәскеу маңындағы ауданға дронмен шабуыл жасалды. Әуежайлар жабылды

20 шілдеге қараған түні Мәскеудің солтүстік-батысындағы Зеленоград ауданына украин дрондары шабуылдады. Ақпаратқа қарағанда, дрон құлаған жерлерде екі көлік өртенген, көп қабатты тұрғын үй бүлінген.

Зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин әуе қорғаныс жүйесі түнде Мәскеуге бағыт алған 16 дронды атып түсіргенін хабарлады. Тағы бесеуі 19 шілде кешке құлатылған. 20 шілдеде таңертең дрондарды жою жалғасып жатқанын айтты.

Мәскеудегі Шереметьево, Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайларында сенбі кешке және жексенбіге қараған түні ұшақтарды қабылдау мен ұшыруға шектеу қойылды. Әуежайлар бірнеше сағатқа жабылып, таңға қарай шектеулер алынды.

"Аэрофлоттың" хабарлауынша, шектеуге байланысты Шереметьево әуежайында компания "кестені түзеуге мәжбүр болған". "Победа" әуе компаниясы да соған ұқсас хабар таратты. Росавиация мәліметінше, өткен тәулікте запастағы аэродромдарға 134 ұшақ жіберілген.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 20 шілдеге қараған түні Ресей күштері елдің түрлі аймағында 93 украиналық дронды атып түсірген. Украина әскері әзірге түсініктеме бермеді.

Жуырда дрондардың шабуылынан Ростов облысындағы темір жолда байланыс желісі бүлінген. Соның салдарынан сенбі кешке 75-тен астам жолаушылар пойызы кешіккен.

Вьетнамда туристер отырған қайық аударылып, 30-дан астам адам қаза болды

Вьетнамның солтүстігінде Халонг мүйісінде туристер мінген қайық аударылып, кемінде 34 адам қаза болды. 11 адам құтқарылған, 8 адам із-түзсіз жоғалған. Қаза болғандар арасында кемінде 8 бала бар. Қайықта барлығы 48 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.

Ақпаратқа қарағанда, қайықтың аударылуына қатты жел түрткі болған. Іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Ақпарат құралдарының жазуынша, қайықтағы туристердің көбі ел астанасы Ханойдан. Онда шамамен 20 бала болғаны айтылады.

Халонг мүйісі – Вьетнамда адам көп баратын табиғи орындардың бірі, жыл сайын оған миллиондаған адам саяхаттап барады.

"ҚазАзот" кәсіпорнындағы апаттан кейін 4 адам ауруханаға түсті

18 шілдеде Ақтауда "ҚазАзот" кәсіпорнындағы апаттан кейін 4 адам ауруханаға түсті. Екеуі – реанимацияда, екеуі травматология бөлімінде жатыр. Зардап шеккендер күйіп қалған.

"Зардап шеккендерге көмектесу үшін Қазақстан Республикасының бас реаниматологы мен күйік медицинасының жетекші мамандарын тарттық. Жұмысшылардың жағдайы тұрақты, оларға тиісті көмек беріліп жатыр" деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігі.

Аймақтық еңбек инспекциясының мәліметінше, кәсіпорында отпен жұмыс тиісті рұқсат ету құжаттарынсыз жүргізілген.

"Еңбекті қорғау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кәсіпорын иесі апатты "ерекше ауыр оқиға" деп атап, зардап шеккен қызметкерлерге көмектесуге уәде берді.

"ҚазАзот" компаниясы 2005 жылы Ақтауда құрылған. Кәсіпорын аммиактық селитра, аммиак пен азот қышқылын өндіреді. Компанияның мажоритарлық акционері – Бахаридин Аблазимов. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 295 млн доллар деп бағалайды.

Әлиев Украинаға Ресейдің жерді басып алуына "көнбеуге" кеңес берді

Илхам Әлиев
Илхам Әлиев

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Украинаға Ресейдің украин жерін басып алуына «көнбеуге» кеңес берді. Шуша қаласында өткен медиа форумда украиналық журналист Дмитрий Гордонның сұрағына жауап берген Әлиев осылай деді.

Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдайды мысалға келтірді. Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аудандарды Баку шамамен 30 жыл бойы бақылауынан шығарып алған. Ақыры 2023 жылы Әзербайжан қарумен Таулы Қарабақты қайтарды. Ондағы армяндар іс жүзінде аумақтан кетті.

"Келіссөз жүрген жылдары, мен оған 2003 жылдың соңынан бастап қатыстым, 17 жыл бойы көптеген ұсыныс түсті, көптеген кездесу болды. Көбі шынайы жағдайға көну қажеттігін айтты. Бұдан соң өзіміз жаңа шындықты қалыптастырып, сіздер соған көнесіздер деп шештік. Солай да болды" деді Әлиев.

Әзербайжан Украинаның территориялық тұтастығын ресми түрде қолдайды.

Бұған дейін Баку Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ресей оккупациялап алған украин жері мен Қарабақты параллель келтірген. Оның сөзінше, Әзербайжан сияқты Украина да болашақта оккупацияланған аумақты күштеп қайтаруы мүмкін. Баку Қарабақты даулы аймақ деп атағаны үшін наразы болған.

Шушадағы форум кезінде Әлиев сонымен бірге былтыр желтоқсанда AZAL әуе компаниясы ұшағы апатына байланысты халықаралық сотқа шағым түсіру үшін құжаттар әзірленіп жатқанын айтты. Әзербайжан билігінің пікірінше, ұшақ Грозныйға қонбақ болған кезде ресейлік әуе қорғаныс жүйесі оны украин дронына балап атқан. Ұшақ Қазақстандағы батысындағы Ақтау қаласында апатқа ұшырады.

"Не болғанын білеміз және оны дәлелдей аламыз. Ресейлік ресми тұлғалар да одан хабардар екенін білеміз. Мұндай жағдайда кез келген көрші істейтін нәрсені неге олар істемейді? Мәселе сонда" деді ол.

Оның сөзінше, 7 айда Бакуге Ресей жағынан бұл бойынша ешқандай тұшымды жауап түспеген. Әзербайжан Ресейден кінәні мойындап, ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына өтемақы төлеуді талап етіп отыр деді Әлиев.

Ресей билігі әзірге, тергеу жалғасып жатқанын алға тартып, ұшақ апатының себебін ресми түрде мәлімдеген жоқ. Ресей президенті Владимир Путин оқиға үшін кешірім сұраған. Бірақ Мәскеу кінәні ресми түрде мойындамады.

Ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу қатынасы айтарлықтай суыды.

Лос-Анжелесте Санта-Моника бульварында көлік жұртты қағып өтті

Сенбіге қараған түні Шығыс Голливудта Лос-Анжелесте автомобиль жұртты қағып өтті. Кемінде 28 адам зардап шекті.

Бұл жөнінде Лос-Анжелес өрт қауіпсіздігі басқармасына (LAFD) сүйенген CNN жазды.

Оқиға түнгі сағат 2-лерде Вест-Санта-Моника бульварында – концерт өтетін жергілікті аумаққа жақын жерде болған. LAFD мәліметінше, ауруханаға өте ауыр жағдайда үш адам жеткізілген, алты адамның жағдайы - ауыр, тағы 19 адам орташа және жеңіл дәрежедегі жарақат алған.

Оқиға орнынан түсірілген видеода зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатқаны көрінеді. Бірнеше адам зембілмен әкетілген. Полиция аумақты қоршап тастады. Жедел қызметтің жүзден астам қызметкері оқиға орнында жұмыс істер жатыр. Олар зардап шеккендердің жағдайын тексеріп, ауруханаға жеткізуге көмектесіп жатыр.

Жүргізушінің аты-жөні және оқиғаның жай-жапсары айтылмайды. Тергеу жүріп жатыр.

Стамбұлдан Ташкентке ұшқан Uzbekistan Airways ұшағының экипажы жолаушыны босандырды

Стамбулдан Ташкентке ұшқан Uzbekistan Airways әуе компаниясының ұшағында нәресте дүниеге келді. Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшу кезінде жолаушылардың бірінде толғақ басталған.

"Бортта екі дәрігер болған, олар экипаж мүшелерімен бірігіп, дереу тиісті медициналық көмек көрсетті. Бортсеріктер кәсіби, нақты, үйлесімділікпен қимылдады. Олардың сенімділігі, өздерін ұстауы және қамқорлығы осындай жауапты сәтте маңызды рөл атқарды" деп жазылған әуе компаниясының хабарламасында.

Лайнер Өзбекстанның Үргеніш қаласына қонуға мәжбүр болған, ол жақта жаңа босанған әйелді нәрестесімен бірге дәрігерлер күтіп алып, клиникаға жеткізген.

Uzbekistan Airways отбасын сәбидің дүниеге келуімен құттықтап, ұшқыштар мен бортсеріктерге алғыс айтты. Сол рейспен ұшып, әйелді босандыруға көмектескен екі дәрігерге жеке алғыс білдірген.

Ұшақ Үргеніштен әрі қарай Ташкентке ұшып кеткен.

Биыл қаңтарда Uzbekistan Airways экипажы Ташкенттен Нью-Йоркқа ұшқан кезде де жолаушыны босандырған. Әуе кемесі Кеблавик қаласына (Исландия) қонуға мәжбүр болып, онда анасы мен баласы перзентханаға жеткізілген.

2024 жылы сәуірде осы әуе компаниясының Ташкент - Стамбул рейсінде ұл бала дүниеге келген.

АҚШ соты USAGM-ді 2025 жылы Азаттыққа бөлінген ақшаны төлеуге міндеттеді

АҚШ-тағы Колумбия округі сотының судьясы Ройс Ламберт Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының Ғаламдық медиа жөніндегі агенттікке (USAGM) қарсы шағымы аясында берген уақытша тыйым салу жөніндегі өтінішін (Temporary Restraining Order, жеке немесе заңды тұлғаның белгілі бір әрекет жасауына тыйым салу) қанағаттандырды.

18 шілде күнгі шешімде сот USAGM-нен АҚШ конгресі 2025 жылға деп бөлген бюджет ақшасының бұған дейін берілмеген бөлігін дереу төлеуді талап етті. Сот USAGM-нің жаңа талаптар қоюы және Азаттықпен келіссөзге бармауын заңға қайшы деп таныды.

"Сотқа белгілі болғандай, агенттік грант алушымен көпжылдық әріптестік шарттарын толығымен өзгертуді талап еткен, ізінше келіссөзден бас тартқан, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған" деді судья.

Азат Еуропа/Азаттықтың қаржысыз қалу қаупіне БАҚ өкілдері, сарапшылар, әлемдік демократияны қорғаушылар, сонымен бірге 23 елде 27 тілде хабар тарататын медиакорпорацияның аудиториясы алаңдаған.

Судья Ламберт шешімде "USAGM-нің қаржы бөлу бойынша өз міндеттерін атқармауы салдарынан" АЕ/АР қызметкерлері жаппай жұмыстан шығарылып, кейбір бағдарламалары жабылған және медиакорпорацияның ондаған жылдар бойы қалыптастырған ғаламдық ықпалына айтарлықтай шығын келді деп атап өткен.

Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Стивен Капус сот шешімін "өте маңызды миссиясымызды атқаруға қажет қаражат үшін табанды күресіміздің нәтижесі" деп атады.

"Бұл жеңіс журналистерімізге жұмысты жалғастырып, аудиториямызды авторитарлық режимдердің пропагандасына қарсы тұратын шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде тиісті импульс береді" деді ол.

"Қазір ақпараттық кеңістікте тирандарға орын бермеу өте маңызды" деді Капус.

Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) – АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме. Оның құрамына АЕ/АР, "Америка дауысы", Еркін Азия радиосы, Кубаға хабар тарату кеңсесі (Радио Марти), Таяу Шығыстағы ақпарат тарату желілері мен Ашық технологиялар қоры кіреді. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі – 950 миллион доллар. АЕ/АР-дың 2025 жылға сұраған қаржысы USAGM дерегінше, шамамен 153 млн доллар.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы – әлемнің 23 еліндегі көрермен мен оқырман саны 50 милллионнан асатын тәуелсіз халықаралық медиакорпорация. Ол бұрынғы Совет одағының барлық дерлік еліне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға және Шығыс Еуропа елдеріне хабар таратады.

Қаржы жағдайы нашарлағанына қарамастан Азаттық радиосы жұмысын тоқтатқан жоқ, дегенмен медиакорпорация ақша үнемдеп, қызметкерлерінің бір бөлігін аз ақша төленетін демалысқа жіберіп, штаттан тыс қызметкерлерімен келісімдерін тоқтатып, контент көлемін едәуір азайтуға мәжбүр болды.

Трамп WSJ мен басылым иелерін сотқа берді

АҚШ президенті Дональд Трамп The Wall Street Journal иесі News Corp пен оның негізін қалаушы медиамагнат Руперт Мердок пен WSJ-дың екі тілшісіне қарсы сотқа шағым түсірді. Ол 10 млрд доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр. Басылымда жарияланған мақалада 2003 жылы Трамп Джеффри Эпштейнге жалаңаштанған әйелдің суреті бар хат жіберіп, "ортақ құпиялары" барын меңзеп құттықтаған. Трамп хатты жазбағанын мәлімдеп, мақалада айтылған жайттарды жалған деп атап, беделі мен қаржылық мүддесіне орасан шығын келгенін айтты.

Шағым Флорида штатының оңтүстік аймақтық федералдық сотына түскен.

"Руперт Мердоктың сотта жауап берген сәтін күтіп отырмын...Қызық болады" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

News Corp-ге еншілес Dow Jones компаниясы ресми түсініктемесінде "журналистік жұмысымыздың қатаң [редакциялық стандарт] пен дәл жазылғанына сенімдіміз және кез келген шағымнан өзімізді батыл қорғаймыз" деп мәлімдеді.

Джеффри Эпштейн — кәмелетке толмаған қыздарды жыныстық қанауға тартатын желі құрғаны үшін сотталған қаржыгер. 2019 жылы түрмеде өзіне қол жұмсаған деп айтылады. Оның сыбайласы Гислейн Максвелл 2021 жылы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Трамптың жақтастары билік Эпштейннің ықпалды тұлғалармен байланысын жасырады деп күдіктенеді. Қоғамның қысымынан кейін Трамп бас прокурор Пэм Бондиге Эпштейн мен Максвеллдің ісі бойынша хаттамаларды жариялауға күш салуды тапсырды. Әділет министрлігі құрбандардың жеке деректерін қорғау қажеттігін алға тартып, тиісті өтініш түсірді.

Wall Street Journal мақаласындағы мәліметке қарағанда, Трамптың хаты Эпштейннің туған күніне орай әзірленген сыйлық альбомына енген. Онда жалаңаштанған әйелдің суреті мен Дональд деген қолтаңба бар. Бұрын Эпштейнмен дос болған Трамп ол алғаш сотталғанға дейін онымен араласпай кеткенін жеткізген.

Сот хаттамалары жарияланса да, ішінара өңделіп, кейбір детальдары ашылмай қалады деген болжам бар. Мұндай материалдарда расталмаған деректер де болуы ықтимал.

Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірді

Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірді. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында, бір күн бұрынғы сауда нәтижесіндегі доллар бағамы (533,61 теңге) көрсетілген. Доллар бір күнде 6 теңгеге қымбаттады.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің құлдырауын маусымдық факторлармен байланыстырды: импорттық операциялардың көбеюі, бюджет қаржысын белсене игеру, туристердің көбеюі, квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың азаюы.

«Орташа есеппен, маусымнан бастап импорт көлемі жыл басынан бергі орташа айлық көрсеткіштен 25% көп. Осындай қарқын валюта биржасында да байқалады: орташа сауда көлемі 22%-ға көп» деді Әлия Молдабекова. Оның сөзін Tengrinews келтірді.

Дегенмен Ұлттық банк өкілі теңге бұл жолы «шамадан тыс» әлсіреп кеткенін айтып, оған алғышарт жоғын да атап өтті. Қажет болған жағдайда валюталық интервенция жасау ықтималдығын да жоққа шығармады.

Былтыр күзден бастап Қазақстанда инфляция өсіп, долларға шаққандағы теңге бағамы әлсіреп жатқаны байқалады. Теңге әлсіреп жатқан шақта Ұлттық банк валюта нарығында доллар сатып, интервенция жүргізген. Жақында Қазақстан Ұлттық банкі инфляция өсуіне және теңге әлсіреуіне байланысты базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз шамасында сақтап қалды.

Украинада "Вагнер" қатарында соғысқан өзбек азаматының бостандығы шектелді

Өзбекстандағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет
Өзбекстандағы сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет

Өзбекстан соты Украинада "Вагнер" қатарында соғысқан азаматтың бостандығын 3,5 жылға шектеді.

Сот құжаттарына сүйенген UzNews сайтының жазуынша, 59 жастағы Қашқадария облысының Р.Д есімді тұрғыны 2020 жылы Мәскеуге нәпақа табуға кеткен. Біраз уақыттан кейін ол жатақханада «көршісін өлтірді» деген күдікпен ұсталған. 2021 жылы Ресей соты оны 9 жылға бас бостандығынан айырған.

Келесі жылы Өзбекстан азаматы «Вагнер» жеке компаниясына қосылған. Оған соғысқа барса 100 мың рубль (1300 АҚШ доллары) жалақы, Ресей азаматтығы мен рақымшылық уәде еткен. Алты айдан кейін ол «соғыс қимылдарына жақсы қатысқаны үшін» рақымшылыққа ілінген.

Ол осы жылдың наурызына дейін Мәскеуде жұмыс істеп, кейін Өзбекстанға оралады, ізінше ұлттық қауіпсіздік қызметінің облыстық департаментіне өзі барған. Оның үстінен "Әскерге жалдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сотта Р.Д., соғысқа қатысқанына өкініш білдіріп, алдағы уақытта мұндай әрекетке бармауға уәде берген. Сот оның айыпты мойындағанын ескерген.

Ашық дереккөздермен жұмыс істеген BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілердің жаңа есебіне сәйкес, соғыс басталғалы бері Ресей Украинадағы соғыста кемінде 118 139 сарбазынан айырылған. Арасында 28 елдің 523 азаматы бар. Келісім жасасқан кезде оларда Ресей азаматтығы болмаған.

Соғыста қаза болған шетел азаматтарының көбі Тәжікстан (72) мен Өзбекстан (66) азаматтары. Олардың жартысынан көбі майданға Ресей колониясынан ЧВК "Вагнермен" келісімшарт жасасып түскен.

2023 жылдан бастап Ресей қорғаныс министрлігі тұтқындарды соғысқа тарта бастады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, майданға жіберілген мигранттарға көп жағдайда соғысқа барса, Ресей аумағына кіруге салынған тыйым немесе депортация жойылатыны немесе азаматтық уәде етіледі.

Тағы

XS
SM
MD
LG