Жиырмадан астам ел Газадағы соғысты дереу тоқтату туралы үндеу жасады

Аштық қысқан палестиналықтар қайырымдылық асханасынан тамақ алуға келіп тұр. Газа секторындағы Нүсейрат қаласы, 20 шілде, 2025 жыл.

Дүйсенбі, 21 шілде күні Ұлыбритания мен тағы жиырмадан астам ел Газа секторындағы соғысты дереу тоқтату жөнінде үндеу жасады.

"Біз қақтығысып жатқан тараптарды және халықаралық қауымдастықты осы қорқынышты жанжалды тоқтату үшін бірлесіп әрекет етуге шақырамыз. Бұл үшін жедел, еш шартсыз және тұрақты түрде атысты тоқтату қажет… Біз бір ғана қарапайым әрі шұғыл мақсатпен біріктік: Газадағы соғыс дереу тоқтатылуы тиіс", – деп айтылған Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Аустралия, Канада, Дания және Батыстың басқа да бірқатар елдерінің сыртқы істер министрлері Лондонда бірлесіп қабылдаған коммюникеде.

Коммюникеде Израиль үкіметінің Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін қолданып отырған үлгісі "қауіпті, тұрақсыздыққа алып келетін және Газа халқын адами қадір-қасиетінен жұрдай қылады" деп сипатталған.

"Біз атысты дереу тоқтату мен израильдіктерге, палестиналықтарға және бүкіл аймаққа бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің саяси жолына қолдау көрсету мақсатында қосымша әрекеттер жасауға дайынбыз", – деп мәлімдеген Reuters агенттігі келтірген коммюнике авторлары.