Жапониядағы сайлау биліктегі коалицияны әлсіретті

Жапонияның премьер-министрі және билеуші Либералды-демократиялық партияның төрағасы Сигэру Исиба сайлау нәтижесі жазылған тақтаның қасынан өтіп барады. Токио, 20 шілде, 2025 жыл.

Жапонияда жексенбі, 20 шілде күні өткен сайлаудың нәтижесі билік басындағы Либерал-демократиялық партия (ЛДП) мен оның коалиция бойынша серіктестері парламенттің жоғарғы палатасындағы (Кеңесшілер палатасы) басымдығынан айырылып қалғанын көрсетті.

Өңірлер және префектуралардағы сайлау комиссиялары жариялаған алдын ала мәліметтерге сәйкес, либерал-демократтар мен олардың одақтастарына – "Комэйто" партиясы – сайлау нәтижесінде жоғарғы палатадағы 124 орынның тек 49-ы ғана тиюі мүмкін. Ал жоғарғы палатада басымдығын сақтап қалу үшін кемінде 50 орын иеленуі қажет. Айта кетейік, осы жолы Кеңесшілер палатасы мүшелерінің жартысы қайта сайланды.

Былтыр қазан айында өткен кезектен тыс сайлау қорытындысына коалиция төменгі палатада да көпшілік дауыстан айырылған еді – бұл кейінгі 15 жыл ішінде алғаш рет болып отырған жағдай. Дегенмен, ЛДП жетекшісі Сигэру Исиба сол кезде премьер-министр қызметінде қалған.

Жоғарғы палатадағы қазіргі сайлаудың нәтижесі үкіметтің өзіне тікелей қауіп төндірмейді, алайда сарапшылардың айтуынша, бұл премьер-министрдің саяси ұстанымын әлсіретеді. Соған қарамастан, Исиба премьер-министр қызметінен кетуге ниеті жоғын аңғартты. Алайда, ЛДП-ның кейбір мүшелері ол сайлауда қатарынан екінші рет жеңіліп қалғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деп мәлімдеді.

  • Либерал-демократиялық партия – Жапониядағы ең ірі саяси күш. Ол 1955 жылы құрылған сәтінен бастап (жиынтығы 4 жылға жуық аз ғана үзілістермен) үкімет тізгінін ұстап отыр. ЛДП мен "Комэйто" билік коалициясына 2009 жылы енген.