Зеленский наразылыққа қарамастан даулы заңға қол қойды

Киевтегі наразылық акциясы. 22 шілде, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский 22 шілдеде Жоғарғы рада қабылдаған заң жобасына қол қойды. Сыншылардың пікірінше, құжат іс жүзінде екі жемқорлыққа қарсы құрылым – жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) және мамандандырылған жемқорлыққа қарсы прокуратураны тәуелсіздіктерінен айырады.

Заң Виктор Янукович биліктен қуылғаннан кейін Украинаны Еуропаның жемқорлыққа қарсы күрес стандартына жақындату мақсатында құрылған екі агенттікті бас прокурорға бағындырады. Өткен аптада жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросында ірі тінту жүргізілді. Украина қауіпсіздік қызметі НАБУ-дің жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірін "мемлекетке сатқындық жасады" және "Ресеймен әріптестік орнатты" деп айыптады. Бұдан кейін Жоғарғы рада аталған агенттіктерді қайта құру туралы заң жобасын қабылдаған.

Осыдан кейін Киев пен елдің өзге қалаларында жұрт наразылық білдірді. Жүздеген адам Зеленскийді аталған заңға вето қоюға шақырды. Наразылардың сөзінше, билік жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықты жоюға мүмкіндік бермес үшін тәуелсіз агенттіктерді бақылауға алғысы келеді.

Зеленский сейсенбі кешкі мәлімдемесінде НАБУ мен САП жұмысын жалғастыра береді деді.

"Тек Ресей ықпалынсыз – одан барлығын тазарту керек" деді ол. Оның сөзінше, бас прокурор "заңға қарсы жүргендер жазасының бұлтартпастығын шынымен қамтамасыз етпек". Украинадағы соғыс басталғалы бергі елдегі ең ірі наразылыққа қатысты Зеленский түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін ЕО өкілдері мен Украинаға одақтас елдер аталған заңды сынап, "ЕО-ға қосылудан үміткер" Украинаның алған міндеттемелерін еске салып, құжатты "артқа тартатын қадам" деп бағалады. Мысалы, Киевтегі "Үлкен жетілік" елдерінің елшілері алаңдаушылық білдіріп, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілдері Украина билігіне аталған қадам "халықаралық әріптестер арасында, әсіресе Украинаның қорғаныс секторы мен оны ұзақ мерзімде қалпына келтіруге инвестиция құюды қарастырып отырғандар арасында Киевтің беделіне нұқсан келтіреді" деп ескертті.

Украина билігі өкілдері НАБУ мен САП қызметі конституцияға қайшы келмеуге тиіс деп мәлімдеп, олардың бірқатар қызметкерлерін Ресеймен байланыс орнатты, НАБУ алалап тергейді деп айыптады.