Украинада коррупциямен күрес бюросы кеңселерінде тінту жүргізілді

21 шілде күні Украинаның қауіпсіздік қызметі мен Бас прокуратура елдің түрлі аймағындағы Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның (НАБУ) кеңселерінде тінту жүргізді. Бұл операция "Ресей ықпалын жою" мақсатында жүргізіліп жатыр деп хабарланғанын жазды Азаттықтың Украин қызметі. "Украинская правда" басылымының мәліметінше, 80 мекенжай бойынша тінту жүргізілген.

НАБУ қызметкерлері "мемлекетке опасыздық жасады" және "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар" деген күдікке ілінген. Олардың біреуі техникалық мақсаттағы қарасораны Ресейге заңсыз сатуға әрекет жасады және өз отбасы жайлы жарым-жартылай ғана мәлімет берген деген күдікке ілінген. Украинаның қауіпсіздік қызметі мен Бас прокурор кеңсесі Киевте НАБУ-дың орталық аппараты қызметкерін "Ресейдің арнаулы қызметі мүддесіне тыңшылық жасаған" деген күдікпен ұстағандарын да мәлімдеді. Ал НАБУ бұл қызметкерді бұрын Укранинаның қауіпсіздік қызметі тексергенін және оның "мемлекетке қарсы іс-әрекеттерге" қатысқанына дәлел-айғақтар таба алмағанын айтып отыр.

Украинаның қауіпсіздік қызметінің НАБУ-ға қатысты тергеу әрекеттері "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің елшілерін алаңдатып қойды. Олардың мәлімдемесінде Украина үкіметінің басшылығымен кездескенде осы оқиғаларды талқылауды жоспарлап отырғаны айтылған. Дипломаттар "ашықтықты, тәуелсіз институттар мен дұрыс басқаруды" қолдайтынын атап өтті.

Украинаның Коррупцияға қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) 2015 жылы Батыстағы әріптестері мен Халықаралық валюта қорының талабы бойынша құрылған. Өзін күштік құрылымдардан тәуелсіз мекеме ретінде сипаттайтын бұл ұйым жоғары лауазымды шенеуніктерге, судьяларға, Бас прокуратура мен күш құрылымдарының, соның ішінде СБУ қызметкерлеріне қарсы операциялар жүргізумен айналысады.