Трамптың "ультиматумы" Путиннің ұстанымына әсер ете ме? Сарапшылар күмән келтіреді

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Ресей басшысы Владимир Путин суреттерінен коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке Еуропа арқылы қару-жарақ жеткізу жоспарын жариялап, егер Ресей 50 күн ішінде Украинадағы соғыста келісімге қол жеткізбесе, АҚШ Мәскеуге қарсы қатаң баж салығын енгізетінін ескертті. Трамп атысты тоқтатуды ма, әлде біржола бейбіт бітімге келуді талап етіп отыр ма, ол жағын ашып айтпады. Қалай болғанда да сарапшылар бұған күмән келтіреді. Оның төмендегідей себебі бар.

Территориялық мақсат

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның бір бөлігін басып алуды ғана көздеп отырған жоқ: ол Украинаны бағындырып, НАТО мен Батыстың рөлін әлсіреткісі келетінін, Еуропаның кейбір аумағында Мәскеудің советтік ықпалын қалпына келтіргісі келетінін айқын білдірді.

Десе де нақты мақсат жермен де байланысты. Ресей Украинаның шамамен 20% жерін басып алды. Қырым түбегінен бөлек, Путин Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстары "енді Ресейдің жері" деп ресми түрде жалған тұжырым жасап отыр.

Ресей украин әскерін осы төрт облыстан шығаруды – бейбіт келісімнің алғышарты ретінде атаған, бірақ мұны Киев орынсыз талап деп санайды. Сарапшылар егер Путин Ресей бақылауда ұстап отырған аумақты қысқартып, пактіге келіссе, елдің өз ішіндегі кез келген теріс реакцияға төзе алады, бірақ мұны істейтіні жөнінде ешқандай белгі берген жоқ дейді.

Керісінше Ресей өз риторикаларында осы талапты қайталап келеді. Майданда ол өз тұжырымдарын шындыққа айналдыруға тырысып жатыр, мысалы Донецк облысында алға ұмтылып, қираған Покровск қаласына шабуылдаған.

Трамптың сөзіне Ресей жағынан алғашқылардың бірі болып реакция білдірген кремльшіл депутат Константин Косачев Telegram-да "50 күн ішінде майданда жағдай көп өзгеруі мүмкін" деп жазды.

Ресей алдағы апталарда өзі дәмеленіп отырған облыстар ғана емес, өзге де аумақтарда шабуылын үдетпекші. Айталық, Донецкінің солтүстігіндегі Харьков пен Сумы облыстарында. Маусым айында Путин Сумы қаласын жаулап алуымыз мүмкін деп те сес көрсеткен.

Дегенмен алты апта ішінде майданда көп нәрсе өзгереді деген асыра айтылған сөз. Ресей майданда алға жылжу үшін әскерін шығынға ұшыратып жатыр. Мамандардың бағалауынша, 2022 жылдың ақпанынан бері Ресей әскерінің шығыны – жараланғандар мен қаза болғандарды қосқанда – бір миллион адамға жетіп қалған.

Ресей қыркүйекке дейін Украинаның төрт облысының қалған бөлігін – Запорожье орталығы мен Херсонды қоса алғанда – басып ала алмайды, бұл тек Путинді қандай да бір келісімге барғанға дейін оларға бақылауды қағаз жүзінде бекітуге құлшындыра түседі.

"Путиннің атысты тоқтатқысы келмейтіні, тым болмағанда Ресейдікі деп санайтын аумақтарға толық бақылау орнатқанға дейін соғысты доғаруға ықыласы жоғы айдан анық", – деді 16 шілдеде "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Дмитрий Гудков. "Бұл іс жүзінде Украинаның тізе бүгуі болмақ" деді ол.

"Орынсыз ультиматумдер"

АҚШ-тағы сайлауалды науқан кезінде "Украинадағы соғысты бір-екі күн ішінде тоқтата аламын" деп мәлімдеген Трамп алты ай бұрын қызметіне кіріскелі бері Украинадағы соғыста араағайын болуға күш салып келеді.

Путиннің қарсылығына тап болған (әсіресе атысты 30 күнге тоқтату туралы үндеуден бас тартуы) Трамп кейінгі апталарда Путинге қарата қатаң мәлімдемелер жасап келеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Путиннің Трампқа жауабы, Мәскеуді "бомбалау", Украина премьерінің отставкасы

Алайда 50 күндік мерзім – Трамптың Кремльге қойған алғашқы ультиматумы. Мұндай қысым түрі өзге елдер Ресейге өзінің сыртқы саясаты аясында ғана талаптарын айта алады деп санайтын Путинге жақпай қалса керек. Сондықтан Батыста Трамптың Путинге қатысты нақты талаптарын асыға күткенмен, бұл келісімге қол жеткізу ықтималдығын ұлғайта ма, әлде азайта ма, ол жағы айқын емес.

Путин ресми түрде Трамптың сөзіне реакция білдірген жоқ, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та үнсіз. Мәскеудің АҚШ-пен қарым-қатынасына жетекшілік ететін сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 15 шілде күні "кез келген талап қою талпынысы, әсіресе ультиматумдерді біз қабылдай алмаймыз" деді.

"Егер мақсаттарымызға дипломатиялық жолмен жете алмасақ, онда [Украинаға қарсы соғыс] жалғаса береді", – деді Рябков. – Бұл айнымайтын ұстаным".

Кінәлау ойыны

Кремль Трамптың кейінгі апталардағы Путинге қарсы мәлімдемелері соншалықты өзгермейтін нәрсе емес және қыркүйекте келісімге қол жеткізілмесе де, айтқанының "бір ұшы кері қайтып", АҚШ президенті кінәнің тым болмағанда бір бөлігін Киевке артады деп үміттеніп отырған болуы да мүмкін.

Ресейде кеңінен танылған пікірлердің бірі – "Трамптың назары уақытша, ал Украинаны қолдауды күшейту – Путинге қысым жасауға бағытталған маневр", ал мұндай көзқарас нәтиже бере ме, деп жазды Карнеги Еуразия орталығының аға ғылыми қызметкері Татьяна Становая Х желісінде.

Бұл көзқарасты қуаттайтындардың пікірінше, "жақын арада мұндай қысымның тиімсіз екені анықталады, бұдан соң Трамп дипломатиялық қадамдарға оралады, сол кезде келісімге қол жеткізу үшін Украинаға қысым жасауы да мүмкін" деп жазды Становая Трамптың мәлімдемесі алдында.

Бұрын Трамп кінәнің көп бөлігін Украинаға артып келген. Оның 14 шілде күнгі мәлімдемесінде көп елемеген жайттардың бірі – 50 күн ішінде келісімге келу талпынысы "Украинаға да әсер етеді" деп үміттенуі.

"Украина жасауға тиіс нәрсені жасайтындығына көз жеткізіміз келеді", – деді Трамп. "Кенет олар өздерін батылырақ сезініп, келісімге қол қойғысы келмеуі мүмкін – бұл өте күрделі жағдай" деді ол.

"Прайм-таймға детальдары жетіспейді"

Қалай болғанда да, санкциямен қорқыту арқылы Путинді Украинамен атысты тоқтату немесе соғысты осы кезеңде доғару туралы келісімге келуге итермелеуге кедергі жасайтын екі себеп бар. Бірі – Трамп айтқан шаралар қаншалықты жұмыс істейтіні белгісіз – бірінші кезекте, тарифтер мен Ресей мұнайын сатып алатын елдерге қатысты санкциялар.

Трамптың 14 шілде күнгі мәлімдемесі "Ресейге экономикалық қысым жасау" тұрғысынан алғанда "мақтауға тұрарлық", бірақ "прайм-таймға детальдары жетіспейді" деді Just Security подкастында Atlantic Council сараптама орталығының ғылыми қызметкері Дэниел Фрид.

Бұған қоса, оның қаншалықты тиімді болатыны да анық емес. Сондықтан Кремль бұл тұрғыда тәуекелге бел бууы мүмкін.

"Қытай мен Үндістан" – Ресейдің энергетикалық шикізат экспортын негізгі тұтынушылар және олар алдағы 50 күнде соғысты тоқтату бойынша Путинге қысым жасайды деу аңғалдық болар еді деп жазды Time журналында Стэнфорд университетінің саясаттанушысы, 2012-2014 жылдарда АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған Майкл Макфол.

Екінші себебі – Ресей бұған дейін де Батыстың санкцияларына тиімді төтеп берген және Кремль мұны мақтаныш та етіп алды: іс жүзінде басқыншы Ресей "өзін қорғап, Батысқа төтеп беріп, жеңіп жатыр" деген риторикаға айналдырды. Осы тұста Путиннің қатаң баж енгізетіні жөнінде қоқан-лоқыға бас июі екіталай.

"Көрінбейтін екі жайт"

Трамптың Украинаға қару-жарақ беремін деп уәде етуі де дәл солай болуы мүмкін. (Нақтырақ айтқанда, НАТО бойынша одақтастар АҚШ-тан әуе шабуылына қарсы қолданатын Patriot кешені мен өзге де қару сатып алады немесе Киевке өздерінде бар қаруды береді).

Patriot кешені маңында жүрген Украинаның әскери қызметкерлері. Тамыз, 2024 жыл.

Бұрынғы санкция маманы Фрид егер Трамптың Украинаға қару жеткізу және Ресейге қысым жасау туралы мәлімдемелері "нақтыланып, ұшталса және жүзеге асса", онда бұл соғыс барысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін және бейбітшілікке жетелеуі ықтимал деп есептейді.

"Екі маңызды шарт бар: қару-жарақпен қамтамасыз етіп, қолдау және Ресей экономикасына соққы жасау саясатын нақтылау. Егер осыларды жүзеге асырса, Украинаның жағдайы мүлде басқаша болады", – деді ол.

Ал өзге сарапшылар пессимистік болжам айтады.

"Егер АҚШ шынымен де Путинді келіссөз үстелі басына отыруға көндіргісі келсе, онда бұдан да көбірек күш жұмсауы керек", – деді This Is Not A Drill подкасында Ресей бойынша сарапшы Марк Галеотти.

Ресейде "бірде-бір жайт Путиннің Киевті кез келген амалмен тізе бүктіруге мәжбүрлеу стратегиясын өзгерте алмайды" деген пікір басым деп жазды Становая.

"Путинді әскери оптимизмінен айыру қиын және ол Трамптың қолында көзір аз деп санайды" деп жазды 14 шілде күні Берлиндегі Карнеги Еуразия орталығының директоры Александр Габуев X желісінде.

"Владимир Путиннің уақыт өз жағында екенін білетіні қыста-ақ белгілі болған. Сондықтан оның өз шарттары орындалмаған келісімге баруға ықыласы жоқ", – деді сарапшы.