Жексенбі, 20 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қашуға мәжбүр болған ауған босқындарына көмектеспек ниеті барын мәлімдеді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көптеген елінде лаңкестік ұйым деп танылған.
БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде шыққан тегі ауған америкалық әскери қызметшілердің туыстары, ата-анасымен қауышатын күнді күтіп жүрген балалар, осы кезге дейін АҚШ қабылдаған адамдардың туыстары, сондай-ақ АҚШ әскері Ауғанстанда 20 жыл болған кезде америкалық үкіметпен әріптестік орнатқан ондаған мың ауған азаматы бар.
"Мен оларды құтқаруға тырысамын және бұған дереу кірісемін", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Ол постында Just the News жаңалықтар порталындағы мақалаға сілтеме салды. Онда БАӘ билігі кейбір ауған босқындарын "Талибанға" бермекші-мыс деп айтылған. Алайда әзірге бұл ақпаратты растайтындай ресми дерек жоқ деп жазды Reuters агенттігі. АҚШ Мемлекеттік департаменті де бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.
БАӘ – АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы басты әріптестерінің бірі. 2021 жылы "Талибан" қозғалысы Кабулдағы билікті толық қолына алғаннан кейін, БАӘ ол Ауғанстаннан шұғыл эвакуацияланған бірнеше мың ауған азаматын уақытша қабылдауға келіскен. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігінің мәліметінше, содан бері шамамен 200 мың ауған азаматы АҚШ-қа қоныс аударған. 2022 жылы Канада АҚШ-тың өтінішін орындап БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде қалған шамамен бір мың ауғанды қабылдауға келісті. Қазіргі кезде БАӘ аумағында нақты неше ауған босқыны қалғаны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Халықаралық қылмыстық сот "Талибанның" екі басшысын тұтқындау жайлы шешім шығардыКейінгі кезде кейбір мемлекеттер ауған босқындарын депортациялауға белсендірек кірісе бастады. БҰҰ деректеріне сүйенсек, кейінгі жеті ай ішінде Иран мен Пәкістаннан Ауғанстанға екі миллионға жуық босқын қайтарылған. Ал өткен жұма күні Германия көші-қон саясатын қатаңдату аясында 81 ауған азаматын елден шығарды. Еуропа одағының өзге елдері де ауған босқындарына баспана беру ережелерін қайта қарап, шектеулер енгізуді ұсынып отыр.
АҚШ-тың өз ішінде демократтар Трамп әкімшілігінен ауған азаматтары үшін уақытша қорғау статусын (TPS) қайта қалпына келтіруді талап етіп отыр. Олар Ауғанстандағы қазіргі билік кезінде әсіресе әйелдер мен балалар қорғансыз қалып отыр дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей "Талибан" жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындады ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талибан 40 жасқа толмаған әйелдерге Өзбекстандағы базарға баруға тыйым салды