Тоқаев Вьетнам басшылығына көп адам қаза болғанына байланысты көңіл айтты

Ондаған адамның қазасы себеп болған апатқа ұшыраған яхтаны (ақ түсті) Халонг мүйсіндегі портқа сүйреп апара жатыр. Куангнинь провинциясы, Вьетнам, 20 шілде, 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламға көп адамның қаза болуына байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдаған.

Тоқаев Вьетнамда болған "Вифа" тайфуны салдарынан су айдынында аударылған яхтада болған көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ достас Вьетнам халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан жарақат алғандардың тез арада сауығып, аман-есен отбасыларына оралуына тілектестігімді білдіремін", – деген жеделхатта Қазақстан президенті.

Жексенбі күні Вьетнамның солтүстігіндегі Халонг мүйісінде қатты дауыл кезінде туристер мінген яхта аударылып, кемінде 34 адам қаза болды. 11 адам құтқарылып, 8 адам хабар-ошарсыз кетті. Қаза болғандар арасында кемінде 8 бала бар. Яхтада барлығы 48 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.

Ақпарат құралдары туристердің көбі ел астанасы Ханойдан, арасында шамамен 20 бала болған деп хабарлады.

Халонг мүйісі – Вьетнамда адам көп баратын табиғи орындардың бірі, жыл сайын оған миллиондаған адам саяхаттап барады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вьетнамда туристер отырған қайық аударылып, 30-дан астам адам қаза болды