Украинаны 2025 жылға әскери керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін қосымша 6 миллиард доллар қажет. Бұл жөнінде 21 шілде күні Украинаға көмек көрсету жөніндегі "Рамштайн" форматындағы халықаралық байланыс тобының отырысында Украинаның қорғаныс министрі Денис Шмыгаль мәлімдеді. Ұлыбритания мен Германияның төрағалығымен онлайн режимде өткен жиынға 50 шақты елдің өкілдері қатысқан.
Шмыгальдің айтуынша, қосымша қаржыландыру Украинаға майдан шебін ұстап тұру үшін көбірек FPV-дрон шығаруға, ресейлік "Шахед" тектес дрондарын залалсыздандыратын құралдарды көбірек өндіруге, сондай-ақ, оның сөзімен айтқанда, "соғысты Ресей аумағына өткізу үшін қосымша терең соққы жасайтын қару" сатып алуға мүмкіндік береді.
Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский серіктестерді әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері мен оларға арналған оқ-дәрілерді, алыстағы нысанаға жететін зымырандарды, артиллерия снарядтарын, радиоэлектроникалық күрес жүйелерін, радарлар мен дрондарды көбірек жеткізуге шақырды.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус өз мәлімдемесінде Германия Украинаға Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғану үшін қосымша Patriot жүйелерін жеткізуге үлес қосатынын айтты. DW мәліметінше, Писториус Украинаға мұндай бес жүйе қажет деген. Оның сөзінше, Берлин Киевтің оларды мүмкіндігінше тез алуына жәрдемдеспек және бұл мәселе бойынша серіктестермен алдағы күндері кеңес өткізеді.
Писториус бұл жүйелерді нақты жеткізуге уәде еткен жоқ. Бұған дейін Германия мен АҚШ Украинаға екі Patriot кешенін беру туралы іс жүзінде келісті деген хабар болған. Қазір бұл мәселе техникалық деңгейде талқыланып жатыр. БАҚ деректеріне сүйенсек, Германия өзіндегі екі кешенді Украинаға беріп, оның орнына АҚШ-тан жаңаларын сатып алуы мүмкін. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қару-жарақты Еуропадағы серіктестер арқылы көптеп беруге дайын екенін, тек оның шығындарын АҚШ серіктестері өз мойнына алуы тиіс деп мәлімдеген.
Бұған қоса, "Рамштайн" форматындағы отырыс барысында Германия мен Ұлыбританияның бұған дейін Украинаға Германия берген "Гепард" әуе қорғаныс жүйелеріне арналған 220 мың снарядты бірлесіп жеткізу жобасы жарияланды.
Your browser doesn’t support HTML5
Әлиевтің кеңесі, әуежайдағы аласапыран, метродағы түн – Соғыстағы ахуал | 21.07.2025