22 шілдеге қараған түні Ресей күштері Украинаға 42 дронмен шабуыл жасады, деп хабарлады Украина қарулы күштерінің Әуе күштері. Ол дрондардың 26-сы атып түсірілген, тағы жетеуі "жоғалып кеткен", яғни радарлардан көрінбей қалған.
"Үш жерде тоғыз дрон түсіп, жарылған, ал әуеден атып түсірілген дрондар үш жерде құлаған", – деп айтылған хабарламада.
Донецк облысындағы Краматорск қаласында басқарылатын әуе бомбалары көпқабатты тұрғын үйді бүлдірген. Қала әкімшілігінің басшысы Александр Гончаренконың айтуынша, 10 жасар бала қаза тауып, тағы бес адам жараланған.
Славянск қаласында сейсенбі күні таңертеңгі атыс салдарынан кемінде төрт адам зардап шеккен. Қала басшысы Вадим Ляхтың айтуынша, әсіресе тұрғын үйлерге айтарлықтай залал келген.
Сумыға жасалған әуе шабуылы салдарынан бес көпқабатты үй, 18 автокөлік және сауда орталығы бүлінген. Үш адам, соның ішінде бір бала жараланған. Жалпы саны 12 адам дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлады Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі.
Одесса қаласына Ресей әскері дронмен шабуылдады. Соның салдарынан автотұрақтардың бірінде тұрған көліктер өртеніп, дүкен бүлінген, көпқабатты үйдің терезелері сынған. Бір адам зардап шеккен деген ақпарат түскен.