Қытайдан миллиардтаған теңгенің контрабанда тауарын тасыған компанияның ісі бойынша үкім шыққан

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "KTZE-Khorgos Gateway" құрлық портында тұрған жүк көліктері. Азаттық архивіндегі фото.

Алматыда Қытайдан тұтыну тауарларын контрабандалық жолмен Қазақстанға енгізген және аса ірі көлемдегі тауарлардың жалған құжаттарын жасаған деген айыптармен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Мұны осы қылмыстық істі тергеп-тексерумен айналысқан Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті хабарлады.

Тергеу барысында уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие Group of the Companies TDA жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытайдан Қазақстанға тұтыну тауарлары тиелген 100-ден астам контейнерді контрабандалық жолмен заңсыз әкелгені анықталды дейді ҚМА департаменті.

Бұдан бөлек, компания өз бақылауындағы 10 серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Соның салдарынан мемлекет қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС) және кеден бажы түрінде 10 миллиард теңге залал шеккен деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндіріп алынған.

Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің тауарларына, күдіктілерге тиесілі құны 300 миллион теңге болатын мүлікке (жер телімдері, автокөліктер және т.б.) шектеу салынған.

Бұған қоса, Group of the Companies TDA компаниясымен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.

Алматы қаласы Алмалы аудандық соты айыпты деп танылған тұлғаларға 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасын кесіп, мүліктерін тәркіледі, дейді Қаржы мониторингі агенттігі департаменті, алайда ақпаратында сотталғандар кім, неше адам екенін нақты көрсетпеген. Тек бір адамға халықаралық іздеу жарияланған деп жазған.

2022 жылы мамырда Қазақстан бас прокуратурасы Group Of The Companies Tda компаниясының тауарларды рәсімдеу кезінде заңсыздықтар жасағаны анықталғанын хабарлаған. Ол кезде Азаттық ашық дереккөздерден анықтаған құжаттарда бұл көлік компаниясының құрылтайшыларының бірі ретінде Әнипа Әбішқызы Назарбаева деген, аты-жөні мен жеке деректері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасыныкімен бірдей адам көрсетілген еді. Электронды үкімет базасындағы құжатта Group Of The Companies Tda серіктестігінің тағы бір құрылтайшысы Әли Жанболатұлы Қылышпаев әрі осы компанияның директоры деп жазылған-ды.