Қарағандыда коммуналдық қызметтің екі жұмысшысы құбыр құдығын тазалау жұмыстары кезінде қаза болды. Бұл жөнінде "Қарағанды су" компаниясына сүйенген "Қазақпарат" хабарлады. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, 29 және 46 жастағы жұмысшылар құбырда жиналып қалатын улы газдан уланған болуы мүмкін.
Полиция жұмысшылардың қазасына байланысты еңбекті қорғау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тиісті сот-медициналық, техникалық сараптама тағайындалған, тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланды.
Коммуналды кәсіпорынның баспасөз қызметі "кәсіби міндеттерін атқару кезінде" қаза болғанын растады.
"Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Ішкі тексеріс жүріп жатыр" деп хабарлады компания өкілдері.
Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Жақында Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болған.
Оның алдында мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр бір жылда өндіріс орындарында 220 адам қаза болғанын хабарлаған.