Прагадағы концертте әнші Патти Смит Азаттық радиосына қолдау білдірді

Америкалық рок әнші Патти Смит

Америкалық әнші Патти Смит Чехия астанасы Прага қаласындағы концертте Азаттық радиосына қолдау білдірді. Бұл туралы "Настоящее Время" арнасы хабарлады.

Патти Смит People Have the Power ("Адамдарда қуат-күш бар") әнін шырқар алдында сәл кідіріс жасап, осы әнді Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті Стив Капус пен барша қызметкерлеріне арнайтынын айтты. Медиакорпорацияның бас штаб-пәтері Прага қаласында орналасқан.

Әнші АЕ/АР мен өзге де "қоғамдық институттардың" жұмысына жоғары баға беріп, "әлемнің әр түкпірінде тұратын адамдарға маңызды ақпарат" жеткізіп отырған ролін ерекше атап өтті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ соты USAGM-ді 2025 жылы Азаттыққа бөлінген ақшаны төлеуге міндеттеді

Бұған қоса Смит Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі Азаттық радиосын қаржыландыруды тоқтатуға тырысып жатқанына байланысты қынжылыс білдірді.

"Біз күресті жалғастыруымыз керек, бір-бірімізге көмектесуге тиіспіз", – деді Патти Смит.

  • АЕ/АР медиакорпорациясына АҚШ Конгресі бөлген мақсатты гранттар АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме – Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) арқылы беріледі. Биыл көктемде президент Дональд Трамп әкімшілігі тағайындаған USAGM басшылығы Конгресс Азаттық радиосының жұмыс істеуіне деп бөлген қаржыны медиакорпорацияға аударуды тыйған. Шілде айында сот USAGM-ді АЕ/АР медиакорпорациясына биылға деп бөлінген қаржыны түгелдей аударуға міндеттеді.