Мәскеудің Басман соты журналист Юрий Дудьды "шетел агенті туралы заң талаптарын орындамады" деген айыппен сырттай екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей билігі Дудьты 2022 жылы сәуірде "шетел агенті" деп жариялаған. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалғаны маусымда белгілі болды. Тізімге енген адамдардан билік әлеуметтік желідегі кез келген хабарламада "шетел агенті" екенін айтып отыруды талап етеді, заңды қайталап бұзғандарға қылмыстық іс қозғалады.
38 жастағы Дудь Ресейден 2022 жылы кеткені хабарланған. Ол қылмыстық іске түсініктеме берген жоқ. Бұрынғы спорт журналисі өзінің YouTube-арнасымен танымал. Оған 10,3 миллионнан астам адам жазылған.