«Просто журналистика» арнасы Youtube-тан өшірілді деп хабарлады журналист Лұқпан Ахмедияров 18 шілде күні таңертең Facebook-та.
Оның сөзінше, бұған дейін де арнаға қарсы бағытталған кибершабуылдар болған. Осы жолы "қастық ойлағандар" арна қолданған Youtube-тің тегін музыкаларына авторлық құқықты өздеріне рәсімдеп, арнаға қарсы шағым жазған. Осылайша Youtube әкімшілігі арнаны өшірген.
«Бір қызығы «музыканың авторымыз-мыс» дегендер осыдан кейін Youtube-тан кеткен» деді журналист.
Журналист әзірге енді қандай қадам жасайтынын айтқан жоқ.
«Просто журналистика» – журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың коммерциялық емес жобасы. Ол өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайды. Бұған дейін арна Қанды Қаңтар, жемқорлық, Украина, белсенділердің қудалануы және өзге де маңызды тақырыптарды қозғаған.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді айтып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровтың өзі де бұған дейін талай рет әкімшілік-қылмыстық қудалауға ұшыраған. Биыл көктемде Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберуі мүмкін екені жөнінде ақпарат таратқан журналистке қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқығы бар куәгер атанған.
Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.
Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.
Олар бірігіп Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.
2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.
Ахмедияров кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің иегері атанған.