Италияда Валерий Гергиевтің концерті өтпейтін болды

Валерий Гергиев

Италиядағы Un’Estate da RE музыка фестивалінің дирекциясы ресейлік дирижер Валерий Гергиевтің концертін өткізбейтін болды. Ресей Украинаға жаппай басып кірген 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Гергиев Батыс сахнасында алғаш рет концерт қоймақшы болған еді. Концерт неліктен өтпейтіні ресми хабарламада нақты көрсетілмеген.

Валерий Гергиев – Ресей президенті Владимир Путиннің баяғыдан одақтасы әрі Санкт-Петербургтегі Мариин театрының көркемдік жетекшісі. Ол биыл 27 шілде күні Неаполь маңындағы Казерта король сарайында өтетін концертте дирижерлік етпек еді. Концерт бағдарламасында Салернодан келген Верди театры оркестрі және Мариин театрының солистері өнер көрсетеді деп жазылған болатын.

Италияның мәдениет министрі Александро Джули Гергиевтің фестивальге қатысуы мәдени оқиға деп емес, саяси қадам ретінде қабылдануы мүмкін екенін айтты. ANSA агенттігі министр Джулидің: "Өнер – еркін және де цензураға бағынбайды. Бірақ тіпті дарынды түрде орындалса да, пропаганда – мүлде басқа дүние. Сондықтан Путиннің досы әрі кеңесшісі саналатын Валерий Гергиевтің Кампания өңірінің үкіметі ұйымдастырып, қаржыландырған концерті қоғамға қате белгі беру қаупін тудырады" деген сөзін келтірген.

Гергиевті елге концерт қоюға шақыру шешімі Италияның өз ішінде де, халықаралық деңгейде де қатаң сынға ұшырады. Кампания өңірінің губернаторы Винченцо Де Лука бұл сын-ескертулерге келіспей, "мәдени алмасуды тоқтату тек өштесуді қоздырады" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Гергиев пен израильдік дирижер Даниэль Оренді шақыру – "өзгеше ойлайтындармен де диалогты сақтау" ниетінен туған.

Ал ресейлік оппозиция өкілдері Гергиевті Италияға шақыруды "тек мәдени оқиға" деп көрсетуге тырысу екіжүзділікке жатады деп санайды. Метрополитен-операның бас директоры Питер Гелб Гергиевті "өнер саласындағы Путиннің дублері" деп атады.

Гергиев Италияға Мәскеудің Үлкен театрында қойылатын Сергей Прокофьевтің "Семён Котко" операсының жаңа нұсқасының премьерасынан кейін бірден бармақшы болған еді. Бұл қойылымды Сергей Новиков сахналаған. Премьераға арналған буклетте Новиков былай деп жазған:

"Отан қорғаушы жылы аясында Үлкен театрдың дәл осы "Семён Котко" операсын қоюы өте маңызды деп ойлаймын. Бұл шығарма біздің заманымыз жайлы жазылғандай. Донбасста дүниеге келген Сергей Сергеевич Прокофьев жергілікті ахуалды тамаша сезінген... "Сарбаз майданнан оралды да, қайта майданға аттанды!" – деп шырқайды бас кейіпкер финалда. Ол мұны өзінің ақиқат жолында екеніне және жақсылық зұлымдықты жеңетініне деген сенімиен, қуанышпен орындайды".

Бұл қойылымның музыкалық жетекшісі – Валерий Гергиев.

2022 жылы Ресей Украинаға кең ауқымды соғыс бастаған соң Гергиев көптеген халықаралық келісімдерінен айырылды. Ол Мюнхен филармониялық оркестрінің бас дирижерлігі қызметінен босатылды. Сонымен қатар Роттердам филармониялық оркестрі, Баден-Баден концерт залы, BIS Records лейблі, Метрополитен-опера, Карнеги-холл және Вена филармониялық оркестрі онымен әріптестігін тоқтатты.

2025 жылдың маусым айында Канада премьер-министрі Марк Карни Украина президенті Владимир Зеленскиймен G7 саммитінде кездесуден кейін жариялаған жаңа санкциялық тізімге Валерий Гергиевті де енгізілді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей билігі жазушы Борис Акунинді сырттай 14 жылға соттады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей полициясы жазушы Дмитрий Быковқа іздеу жариялады