Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 22 шілде күні жариялаған мәлімдемесінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация беруден бас тартуын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған ашық шабуылға теңеді. Халықаралық ұйым СІМ бұл шешімі елдегі баспасөз еркіндігіне нұқсан келтіретінін және Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне қайшы екенін айтқан.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігі тәуелсіз дауыстарды тұншықтыру әрекеттерін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Бұл — Қазақстандағы барлық тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ескерту", – деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
Азаттық радиосы – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, гендерлік зорлық-зомбылық және саяси қысым секілді маңызды тақырыптарды көтеретін тәуелсіз ақпарат көзі. Бұл тақырыптар мемлекеттік немесе мемлекеттік бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі еленбей жатады. Аккредитациядан бас тарту тәуелсіз журналистер мен блогерлерге жасалып жатқан қысым аясында болып отыр, делінген HRW мәлімдемесінде.
Азаттық журналистерін аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптаған министрлік өз шешіміне нақты дәлел келтірген жоқ, егер аккредитациядан бас тартса, себебін жазбаша түрде нақты көрсетуі тиіс, дейді құқық қорғаушы ұйым.
Human Rights Watch Қазақстан билігі Азаттық тілшілерін бұған дейін де бірнеше рет аккредиттеуден өткізбей қойғанын айтқан. Ал бұл жолғы бас тарту оқшау жағдай емес, Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа қарсы әкімшілік қысымның кең ауқымды, алаңдатарлық үрдісінің жалғасы, делінген мәлімдемеде.
Халықаралық ұйым СІМ шешімі Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын да бұзады деп көрсеткен. Аталған пакт ақпаратты іздеу, алу және тарату, сондай-ақ ешқандай кедергісіз өз пікірін білдіру құқығына кепілдік береді.
Human Rights Watch Қазақстан үкіметін бұл шешімді дереу кері қайтарып, Азаттық радиосы журналистеріне кідіріссіз аккредитация беруге шақырған.
"Тәуелсіз журналистика — қауіп емес, оны қорғау керек, шектеуге болмайды. Аккредитация журналистерді бақылау немесе үнін өшіру құралына айналмауы тиіс", – деді HRW өкілі Хью Уильямсон.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) 16 тілшісіне аккредитация бермей қойған Қазақстан сыртқы істер министрлігін әкімшілік сотқа берген. Сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан министрлік соның қарсаңында Азаттықтың тағы 9 журналисіне аккредитация бермей қойды.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.