ЕО елдері Ресейге қарсы 18-санкциялар пакетін мақұлдады

ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері сөйлесіп тұр.

Еуроодақ Ресейдің Украинаға ашқан соғысына байланысты Мәскеуге қарсы 18-санкциялар пакетін мақұлдады. Жаңа пакет бірінші кезекте, Ресейдің мұнай және энергетика саласына қосымша соққы жасауға бағытталған.

ЕО дипломаттарына сүйенген Reuters-дің жазуынша, санкция Ресей мұнайына баға шегін барреліне 47,6 доллар етіп белгілеуді қарастырады.

Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Калластың айтуынша, бұл пакет Украинада соғыс басталғалы бергі салынған ең қатаң санкциялардың бірі.

"ЕО қазір ғана Ресейге қарсы ең мықты санкция пакеттерінің бірін мақұлдады. Мәскеу үшін соғысты тоқтату жалғыз амал болатындай басқыншылықтың құнын арттыра береміз" деп жазды Каллас X желісінде.

Еуроодақ бұған дейін де Ресей экономикасының маңызды секторларына (банк секторы, сауда, технология, энергетика) шектеу шараларын енгізген. Жаңа санкция толқыны Кремльдің негізгі кірістерінің бірі - мұнай экспортына қысымды үдетеді.

Баға шегін төмендету туралы шешімге ЕО елдері ұзақ талқылаулардан кейін келген. Сарапшылардың пікірінше, бұл Ресейдің шикізат экспортынан түсетін кірісіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Осыған дейін Братислава Брюссельден Ресей газын Еуроодақ елдеріне жеткізуге толық тыйым салудан болуы ықтимал залалды өтеуге кепілдік беруін талап етіп, санкцияны қуаттамаған. Билік елде отын тапшылығы туындап, қымбатшылық өрістеуі мүмкін және "Газпром" шағым түсіруі ықтимал деп қауіптенген. Ақпаратқа қарағанда, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйенмен газ бағасына қатысты келісімге қол жеткізген.

Словакиядан бөлек, жаңа санкциялар пакетіне Мальта, Грекия мен Кипр қарсы шыққан. Олар Ресей мұнайына баға шегін белгілеуге қарсы болған.