Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді

"Мейкин Азия" фестивалінде өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайбергенов. Қырғызстан, Ыстықкөл, 22 шілде 2025 жыл.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді. Қырғызстан президентінің сайтындағы мәліметке қарағанда, "Қырғызстанның халық әртісі" атағы қазақстандық әншіге "Мейкин Азия" фестивалі кезінде тапсырылған.

"Фестивальдің аяғында мемлекеттік хатшы Марат Иманқұлов Қырғызстан мен Қазақстан Республикалары арасында достық пен мәдени байланысты нығайтуға үлес қосқаны үшін қазақстандық әнші, композитор Дінмұхаммед Құдайбергенге (Димаш Құдайбергенге) "Қырғызстанның халық әртісі" атағын тапсырды. Президент Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды" деп жазылған ресми хабарламада.

Kaktus-media-ның жазуынша, қазақстандық әнші марапатты "аванс" деп атап, екі халықтың достығын нығайту үшін жұмыс істеуге уәде берген.

2023 жылы қазанда Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі атағын алған еді.

"Мейкин Азия" халықаралық музыка фестивалі 20-22 шілдеде Ыстықкөлде өткен. Оған Азия мен Еуропаның 25 елінен әнші қатысқан деп айтылады. 2013 жылдан бері өтіп келе жатқан фестивальдің алғашқы бас бәйгесін Димаш Құдайбергенов ұтқан.