Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі болжам бойынша, 23 шілде кешке өтпек. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, кездесу шамамен 19.00-де басталады. Түркия президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі де осы уақытты айтты.
Дереккөзге сүйенген "Интерфакстың" хабарлауынша, келіссөз сәрсенбі кешке жоспарланған, бірақ нақты уақытын айтпады. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский де 23 шілдені айтқан, ал Мәскеу растаған жоқ, жоққа шығарған да жоқ.
Келіссөздің жаңа кезеңі жақындаған тұста Зеленский украин делегациясының құрамын өзгертті, оған бұрынғыша 12 адам емес, 14 адам кірді. Делегацияға Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жетекшісі Рүстем Умеров жетекшілік етеді. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, орыс делегациясының құрамы өзгермеген, оған Владимир Мединский жетекшілік етеді.
Бұған дейін Зеленский кездесу барысында тұтқын алмасу сияқты гуманитарлық мәселелер талқылануы тиіс деген. Украина президентінің сөзінше, украин делегациясы екі ел басшыларының кездесу мәселесін қозғамақ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні Ресей-Украина келіссөзінде екі жақтың атысты тоқтату шарттары жазылған меморандумдар талқыланбақ. Бұл меморандумдарды екі жақ маусымның басында таныстырған. Екі жақтың ұстанымында ешқандай ұқсастық жоқ десе де болады. Украина атысты ешқандай шарт қоймай тоқтатуға келіседі, ал Ресей атысты тоқтату үшін өз шарттарын алға тартады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптың "ультиматумы" Путиннің ұстанымына әсер ете ме? Сарапшылар күмән келтіреді