Бангладеште жаттығу ұшағы колледжге құлап, кемінде 19 адам қаза болды

Ұшақ құлаған жерде жүрген құтқару және қауіпсіздік қызметкерлері. Дакка, Бангладеш, 21 шілде, 2025 жыл.

Бангладеш астанасы Дакка қаласында елдің әскери әуе күштерінің жаттығу ұшағы Milestone колледжінің ғимаратына құлады, салдарынан 19 адам мерт болып, 164 адам жараланған, деп хабарлады ВВС.

Төтенше оқиға дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат түскі бірден өте болған. Бангладеш қарулы күштерінің мәлімдеуінше, F-7 ұшағы әуеге көтерілісімен механикалық ақау шығып, құлаған, ұшқыш қаза тапқан.

Апаттан зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген адамдардың арасында төрт жастан 18 жасқа дейінгі балалар да бар деп жазды басылымдар.

Жаттығу ұшағы құлаған мектептің алдындағы көшеге жиналған жұрт. Дакка, 21 шілде, 2025 жыл.

Бангладештің уақытша үкіметінің жетекшісі Мұхаммад Юнус "апаттың себебін анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, билік зардап шеккендерге қолдан келген көмекті жасайды" деп мәлімдеді.

"Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін, жауапты органдарға, ауруханаларға да болған жайтқа барынша мән беріп қарауды тапсырамын", – деп жазды ол.