Атырауда балалар уланған жекеменшік бассейннің басшысы үйқамаққа алынды

Көрнекі сурет.

Атырау қаласының тергеу соты балалар жаппай уланып қалған Palma жекеменшік бассейнінің басшысын үйқамаққа алу туралы қаулы шығарды, деп жазды жергілікті басылымдар.

13 шілде күні Атыраудағы тұрғындар көп баратын акваорталықтағы бассейнде адамдар денсаулығы күрт нашарлап, әлденеден уланып қалған. Куәгерлердің айтуынша, бассейн бөлмесінде кенеттен хлор иісі қатты сезіліп, су лайланып кеткен. Балалар жөтеліп, құсып, есінен тана бастаған. Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын көтеріп, сыртқа алып шыққан. Оқиға орнына дереу дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметі барған.

Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген 13 бала мен 2 ересек адам су құрамындағы мөлшерден көп хлордан уланған болуы мүмкін деп болжам айтқан. Медициналық көмек алған 10 баланың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оларды үйіне жіберген. 3 бала жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін олардың да беті бері қараған.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға құрамында хлор бар заттарды мөлшерден тыс қолдану себеп болған. Бассейн иелері су тазарту жүйесінде ақау болғанын мойындаған. Төтенше оқиғадан кейін нысан жабылып, ТЖД мен прокуратура тексеріс жүргізуді бастады.

Тергеу ісі аяқталғанға дейін акваорталық басшысы үйқамақта болады.