Ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай өмірден озды

Қазақ ақыны, драматург және сазгер Исраил Сапарбай

18 шілде күні қазақ ақыны, драматург және сазгер Исраил Сапарбай 84 жасында Алматы маңындағы Қаскелеңдегі үйінде өмірден өтті. Бұл туралы бүгін жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Исарил Сапарбай 1941 жылғы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқан облысындағы Кушрабад ауданында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң көп жыл түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен баспаларда, "Қазақфильм" телестудиясында жұмыс істеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде қызмет атқарған.

Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жамбаев атындағы сыйлықтардың, "Платиналы Тарлан" жүлдесінің лауреаты атанған.

Көптеген ән мен өлең жазған ақын, сазгердің "Аққу арман", "Жүрегіме ұя салған қарлығаш", "Қызыл жел" және тағы басқа жинақтары жарық көрген. Оның "Ауылдан келген ару", "Махаббат мейрамы", "Абай-Тоғжан", "Сыған серенадасы" сияқты драмалық шығармалары театр сахнасында қойылған.