АҚШ қаржы министрі одақтастарды Ресейге қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізуге шақырды

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ Конгресі Ресейден энергия ресурстарын алып отырған елдерге қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізуді мақұлдаған жағдайда еуропалық одақтастарын сол санкцияларға қосылуға шақырды.

Дүйсенбі күні CNBC телеарнасына берген сұхбатында Бессент АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың сауда баждары саяси мақсаттарға жету құралы деген пікірін қолдағанын айтты және "үлкен ойын жайлы айтып жүрген" Еуропа елдерін, "егер АҚШ осы екінші деңгейлі баждарды енгізетін болса, соған ілесуге" үндеді.

Бұл жерде Сенат қарауына түскен заң жобасы сөз болып отыр. Онда Ресейден мұнай сатып алатын елдердің тауарларына 500 пайыздық импорт бажын енгізу қарастырылған. Алайда, Бессент сұхбат барысында 100 пайыздық баж жайлы да сөз қозғады. 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресей Украинамен 50 күн ішінде бітімге келмесе, оған қарсы "қатаң" баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Кейінірек Ақ үй бұл баждар Ресей мұнайын сатып алатын елдердің тауарларына да қолданылады деп түсіндірді.

CNBC телеарнасына берген сұхбатында АҚШ қаржы министрі Қытайдың Ресей мен Иран мұнайын сатып алуы АҚШ пен Қытай арасындағы импорт баждары туралы келіссөздердегі тақырыптардың бірі болатынын айтты. "Қытайлар, өкінішке қарай, санкция салынған Иран мен Ресей мұнайын ірі көлемде сатып алып отыр. Біз бұл мәселені талқылауды бастай аламыз", – деді Скотт Бессент.