"Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша" іс сотқа түсті

Руслан Берденов

«Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша» іс сотқа түсті. Бұл жөнінде «За нами уже выехали» арнасы хабарлады.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігімен («Кісі өлтіруге оқталу») айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 2025 жылғы 28 шілдеде сағат 10:00-де өтеді» деп хабарлады сот сейсенбі күні.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында бір адам оқ атып, шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.

Шымкент әкімдігіне сүйенген Informburo жазуынша, күдіктінің аты-жөні Ернар Жиембаев. Ол Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ын басқарады. Ол қамауға алынған. Осыған дейін Жиембаевтың әкесі оқиғаға өкініш білдіріп, сот пен тергеу істің анық-қанығын анықтайды деп айтқан.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.