Азаттық радиосының Орталық Азиядағы редакциялары 2024 жылғы күзде басталған "Спорт: Қиындықты жеңген қаһармандар" байқауын тәмамдады. Бұл бастаманың мақсаты — түрлі тосқауылға қарамастан, спортта ерекше жетістікке жеткен жандарды дәріптеу.
Байқау жарияланған сәттен бастап көрермендер мен оқырмандар көптеген үміткерлерді ұсынды. Іріктеу қорытындысы бойынша біз орасан қиындықтарды еңсеріп, жоғары нәтижеге қол жеткізген бес спортшы туралы ақпарат дайындадық.
Жеңімпаздар қоғамдағы орны, журналистердің дауыс беруі, аудитория мен редакция пікірі бойынша анықталды.
Қазақстан: төсекке таңылған адамнан марафоншыға айналды. Досмұхамед Төлегенов
Бір кездері Досмұхамед Төлегенов отыруға жарамай қалған. Жетісу облысының шалғай ауылы Арқарлыда тұратын азамат 34 жасында неврологиялық ауруға шалдыққанын білген. Бұл ауру мидағы ісіктен пайда болған.
Салдарынан ол 10 жыл төсекке таңылып, денесі ауырып, қатты қиналған.
" Дәрігерлерге "мына өмірдің несі қызық, оданда өлгенім артық" деген күндер болды. Бірақ менің үш балам бар. Солар үшін өмір сүрдім" дейді ол.
2-топ мүдегектігін алған Төлегенов газет-журнал оқуға, теледидар көруге, отыруға шамасы келмей қалып, бір мезет үміті сөнгендей болған.
Бірақ 10 жылдан кейін ол алғашқы қадамын жасаған. Ол қадам серуенге, серуенге жүгіруге ұласқан. Бір кездері қозғала алмай қалған адамға жүгіру жаттығу ғана емес еркіндік нышаны болғандай.
Бірте-бірте жүгіру марафонға айналған. 62 жастағы Төлегенов бүгінде өз ауылында, 40 жыл отасқан әйелімен тұрады. Бала-шағасы бар, немере сүйген.
Оның бүгінгі өмірі мүлдем бөлек. Ол қазір 50 шақырымға, тіпті 70 шақырымға жүгіріп, Қазақстандағы беделді марафоншылардың біріне айналған.
Қырғызстан: қараңғылықтан жарыққа жол. Гүлназ Жүзбаева
Қырғызстандық Гүлназ Жүзбаева бала кезінен Парижді көргісі келген. Бірақ ол бұл қалаға бір күні турист ретінде емес, өз елін танытатын паралимпиадалық спортшы ретінде баратынын ойламаған. Парижге сапары оның бала арманының орындалуынан да артық болды — бұл қырғызстандық мүмкіндігі шектеулі жандарды шабыттандырған жеңіс тарихына айналды.
Гүлназ туғанынан көзі нашар көретін, кейін мүлде көрмей қалды. Бірақ ол мойымады. Көзі көретін қатарластарымен қатар мектепті де, университетті де тәмамдады. Сосын одан әрі қадам басты: Қырғызстанның зағиптар федерациясын құрып, он жыл ішінде 200-ден аса зағип жанды өздігінен өмір сүруге — оқуға, компьютер қолдануға, әлемде еркін қозғалуға үйретті. Осы еңбегі үшін 2020 жылы британиялық Би-би-си медиакорпорациясы оны әлемнің ең шабыттандыратын әрі ең ықпалды 100 әйелі қатарына қосты.
Гүлназдың жеке мақсаты да айқын болды. Ұзақ дайындықтан кейін ол 2024 жылы Қырғызстан атынан Париждегі Паралимпиада ойындарына қатысты. Сенаның жағалауында 1500 метрге жүгіріп, 13-орын алды да, Қырғызстандағы зағип спортшылар арасындағы жаңа ұлттық рекорд орнатты. Ол сондай-ақ Азия параойындарының қола жүлдегері және пара-триатлон бойынша Азия чемпионатында екі рет күміс жүлде жеңіп алған.
41 жастағы Гүлназ Жүзбаева жай ғана спортшы емес. Ол сондай-ақ — тәлімгер, ана, қауымдастықтардың негізін қалаушы. Ең бастысы ол — мүмкіндігі шектеулі өмірді мән-мағынасыз деп қабылдамай, керісінше, жаңа мақсаттарға толы өмірді таңдаған әйел. Көзі көрмейді деп үміт үзетін әлемде ол мұның тек бастау екенін дәлелдеді.
Тәжікстан: тізгін бермеген дзюдошы Сомон Махмадбеков
26 жастағы Сомон Махмадбеков Ресейдің Иркутск қаласында туған. Алты жасынан көкесінің баптауымен жаттығып, өзінен екі есе үлкен жасөспірімдермен күрескен.
Бірақ оған Ресей атынан жарысқа шығуға жол бермеді, өйткені ата-анасының азаматтығы жоқ еді. Сомон Тәжікстанға оралып, паспорт алып, "өз елім" деп мақтанышпен айта алатын мемлекетті таныта бастады.
Бұл да оңай жол болмады: Тәжікстанның өзінде де оны бірден мойындамады. Ұлттық құрамға кіруі ұзаққа созылды. Бірақ медальдар күмәнді сейілтті. Сомон халықаралық турнирлерде жүлде ала бастағанда, оның талантына ешкім күмән келтірмейтін болды.
2024 жылы ол Париж Олимпиадасында қола, содан кейін дзюдо бойынша әлем чемпионатында тағы қола медаль жеңді.
Түркіменстан: бейбіт қарсылықтың жауынгері Мұрат Құрбанов
Айкидодан 6-дан иегері атанған Мұрат Құрбанов жеке-жек шебері ғана емес. Оны сондай-ақ бейбіт қарсылықтың жауынгері деп біледі. 2005 жылы ол елдегі әлеуметтік әділетсіздікті сынағаны үшін Түркіменстаннан кетуге мәжбүр болған. Сөйтіп бизнесін, үйін, бұрынғы өмірін жоғалтқан.
Франциядағы алғашқы жылдары қиын өтті: газет сатты, отбасын асырау үшін құрылыста жұмыс істеді. Бірақ айкидо оған рухани тірек болды. Әсіресе ондағы тепе-теңдік пен үйлесім қағидаларын көп көмек болды. Кейін ол осы осы қағидаларға сүйенетін күзет компаниясын ашты.
Қазір жасы 59-ға келген Құрбанов айкидоны тек спорт емес, өмір философиясы деп санайды. Ауыр дертін физикалық дайындық пен медитация арқылы жеңген соң, оның айкидомен байланысы нығая түсті.
Бүгінде Мұрат Құрбанов шетелдегі түркімен оппозициясының маңызды тұлғаларының бірі саналады. Оның пікірінше, айкидо оған саяси күресте де көмектеседі. Бұл спорт оған рухани күш пен ой айқындығын береді.
Өзбек футболын әлемдік аренаға шығарған аңыз адам Абдукодир Хусанов
Оны сағатына 37 шақырым жүгіре алатын жылдамдығы мен күш-қайраты үшін "пойыз" деп атап кеткен. 20 жастағы Абдукодир Хусанов — ағылшын премьер-лигасы клубының сапына қосылған алғашқы өзбек футболшысы. Бұрын мұндай жетістікке Өзбекстан тұрмақ жалпы Орталық Азияд өңірінен ешкім қол жеткізбеген. 2025 жылы оның Manchester City клубына Өзбекстан мен Орталық Азия үшін үлкен белеске айналды. Трансфер құны 41 млн доллар болды.
Бірақ Хусановтың жолы оңай болмады. Отанындағы беделді клубтар оны қабылдамаған соң, ол алдымен Беларуське, сосын Францияға аттанды. Франциялық RC Lens клубының құрамында Чемпиондар лигасында ойнап, кейін Манчестерге ауысты.
Қазір ол Өзбекстан құрамасының жұлдызы және ел футболының жаңа дәуірінің символы. Абдукодир Азия кубогында және Олимпиада ойындарында өз құрамасы үшін маңызды рөл атқарды. 2025 жылы ол Өзбекстан құрамасына әлем чемпионатына жолдама алуға көмектесті. Осылай Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында футболдан әлем чемпионатына қатысатын алғашқы мемлекет атанды.
Хусановтың жетістігі көптеген өзбек жастарын қанаттандырып келеді. Елеусіз жасөспірімнен ағылшын премьер-лигасына жеткен спортшы шексіз арманға ұмтылғандар үшін үлгі бола білді.
P.S. Байқау басталғанда Азаттық радиосы марапаттау рәсімін Орталық Азия елдері астаналарының бірінде өткізуді жоспарлаған. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты марапаттау шарасы өтпейтін болды.
ПІКІРЛЕР