Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірді

Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірді. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында, бір күн бұрынғы сауда нәтижесіндегі доллар бағамы (533,61 теңге) көрсетілген. Доллар бір күнде 6 теңгеге қымбаттады.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің құлдырауын маусымдық факторлармен байланыстырды: импорттық операциялардың көбеюі, бюджет қаржысын белсене игеру, туристердің көбеюі, квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың азаюы.

«Орташа есеппен, маусымнан бастап импорт көлемі жыл басынан бергі орташа айлық көрсеткіштен 25% көп. Осындай қарқын валюта биржасында да байқалады: орташа сауда көлемі 22%-ға көп» деді Әлия Молдабекова. Оның сөзін Tengrinews келтірді.

Дегенмен Ұлттық банк өкілі теңге бұл жолы «шамадан тыс» әлсіреп кеткенін айтып, оған алғышарт жоғын да атап өтті. Қажет болған жағдайда валюталық интервенция жасау ықтималдығын да жоққа шығармады.

Былтыр күзден бастап Қазақстанда инфляция өсіп, долларға шаққандағы теңге бағамы әлсіреп жатқаны байқалады. Теңге әлсіреп жатқан шақта Ұлттық банк валюта нарығында доллар сатып, интервенция жүргізген. Жақында Қазақстан Ұлттық банкі инфляция өсуіне және теңге әлсіреуіне байланысты базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз шамасында сақтап қалды.