АҚШ соты USAGM-ді 2025 жылы Азаттыққа бөлінген ақшаны төлеуге міндеттеді

АҚШ-тағы Колумбия округі сотының судьясы Ройс Ламберт Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының Ғаламдық медиа жөніндегі агенттікке (USAGM) қарсы шағымы аясында берген уақытша тыйым салу жөніндегі өтінішін (Temporary Restraining Order, жеке немесе заңды тұлғаның белгілі бір әрекет жасауына тыйым салу) қанағаттандырды.

18 шілде күнгі шешімде сот USAGM-нен АҚШ конгресі 2025 жылға деп бөлген бюджет ақшасының бұған дейін берілмеген бөлігін дереу төлеуді талап етті. Сот USAGM-нің жаңа талаптар қоюы және Азаттықпен келіссөзге бармауын заңға қайшы деп таныды.

"Сотқа белгілі болғандай, агенттік грант алушымен көпжылдық әріптестік шарттарын толығымен өзгертуді талап еткен, ізінше келіссөзден бас тартқан, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған" деді судья.

Азат Еуропа/Азаттықтың қаржысыз қалу қаупіне БАҚ өкілдері, сарапшылар, әлемдік демократияны қорғаушылар, сонымен бірге 23 елде 27 тілде хабар тарататын медиакорпорацияның аудиториясы алаңдаған.

Судья Ламберт шешімде "USAGM-нің қаржы бөлу бойынша өз міндеттерін атқармауы салдарынан" АЕ/АР қызметкерлері жаппай жұмыстан шығарылып, кейбір бағдарламалары жабылған және медиакорпорацияның ондаған жылдар бойы қалыптастырған ғаламдық ықпалына айтарлықтай шығын келді деп атап өткен.

Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Стивен Капус сот шешімін "өте маңызды миссиясымызды атқаруға қажет қаражат үшін табанды күресіміздің нәтижесі" деп атады.

"Бұл жеңіс журналистерімізге жұмысты жалғастырып, аудиториямызды авторитарлық режимдердің пропагандасына қарсы тұратын шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде тиісті импульс береді" деді ол.

"Қазір ақпараттық кеңістікте тирандарға орын бермеу өте маңызды" деді Капус.

Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) – АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме. Оның құрамына АЕ/АР, "Америка дауысы", Еркін Азия радиосы, Кубаға хабар тарату кеңсесі (Радио Марти), Таяу Шығыстағы ақпарат тарату желілері мен Ашық технологиялар қоры кіреді. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі – 950 миллион доллар. АЕ/АР-дың 2025 жылға сұраған қаржысы USAGM дерегінше, шамамен 153 млн доллар.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы – әлемнің 23 еліндегі көрермен мен оқырман саны 50 милллионнан асатын тәуелсіз халықаралық медиакорпорация. Ол бұрынғы Совет одағының барлық дерлік еліне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға және Шығыс Еуропа елдеріне хабар таратады.

Қаржы жағдайы нашарлағанына қарамастан Азаттық радиосы жұмысын тоқтатқан жоқ, дегенмен медиакорпорация ақша үнемдеп, қызметкерлерінің бір бөлігін аз ақша төленетін демалысқа жіберіп, штаттан тыс қызметкерлерімен келісімдерін тоқтатып, контент көлемін едәуір азайтуға мәжбүр болды.