Өзбекстан соты Украинада "Вагнер" қатарында соғысқан азаматтың бостандығын 3,5 жылға шектеді.
Сот құжаттарына сүйенген UzNews сайтының жазуынша, 59 жастағы Қашқадария облысының Р.Д есімді тұрғыны 2020 жылы Мәскеуге нәпақа табуға кеткен. Біраз уақыттан кейін ол жатақханада «көршісін өлтірді» деген күдікпен ұсталған. 2021 жылы Ресей соты оны 9 жылға бас бостандығынан айырған.
Келесі жылы Өзбекстан азаматы «Вагнер» жеке компаниясына қосылған. Оған соғысқа барса 100 мың рубль (1300 АҚШ доллары) жалақы, Ресей азаматтығы мен рақымшылық уәде еткен. Алты айдан кейін ол «соғыс қимылдарына жақсы қатысқаны үшін» рақымшылыққа ілінген.
Ол осы жылдың наурызына дейін Мәскеуде жұмыс істеп, кейін Өзбекстанға оралады, ізінше ұлттық қауіпсіздік қызметінің облыстық департаментіне өзі барған. Оның үстінен "Әскерге жалдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотта Р.Д., соғысқа қатысқанына өкініш білдіріп, алдағы уақытта мұндай әрекетке бармауға уәде берген. Сот оның айыпты мойындағанын ескерген.
Ашық дереккөздермен жұмыс істеген BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілердің жаңа есебіне сәйкес, соғыс басталғалы бері Ресей Украинадағы соғыста кемінде 118 139 сарбазынан айырылған. Арасында 28 елдің 523 азаматы бар. Келісім жасасқан кезде оларда Ресей азаматтығы болмаған.
Соғыста қаза болған шетел азаматтарының көбі Тәжікстан (72) мен Өзбекстан (66) азаматтары. Олардың жартысынан көбі майданға Ресей колониясынан ЧВК "Вагнермен" келісімшарт жасасып түскен.
2023 жылдан бастап Ресей қорғаныс министрлігі тұтқындарды соғысқа тарта бастады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, майданға жіберілген мигранттарға көп жағдайда соғысқа барса, Ресей аумағына кіруге салынған тыйым немесе депортация жойылатыны немесе азаматтық уәде етіледі.